КЛИНИКАЛЫҚ БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫНЫҢ ЖҰМЫСЫ ЖЕМІСТІ

88
0

Шымкент қаласында медицина саласының дамуына айрықша назар аударылып отырғанын жазып келеміз. Бүгінде жемісті жұмыс істеп жатқан мекемелердің бірі — қалалық клиникалық балалар ауруханасы. Мұнда 18 жасқа дейінгі балаларға медициналық көмектің барлық түрі көрсетіледі. Материалдық-техникалық база да барша талаптарға сай. Балалар ауруханасы 315 орынға лайықталған. 20 профилді бөлімше бар. Оның 8-і хирургиялық бағытта жұмыс істейді. Бұдан бөлек, аурухана құрамында күндізгі стационар, сәулелі диагностикалық орталық пен жарақат бекеті бар.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ағымдағы жылды балалар жылы деп жариялағаны белгілі. Осы бастаманы қолдай отырып, қалалық балалар  клиникалық ауруханасында балалар денсаулығын жақсарту үшін оң өзгерістер орын алуда. Медициналық мекемеде хирургиялық қызметті дамыту мақсатында жаңа профильдер ашылған. Нақтырағы, нейрохирургиялық,  күйік, урологиялық, торакальды хирургия, нейрохирургиялық медициналық оңалту бөлімшелерінің қызметі жолға қойылған. Неонатальды хирургиялық көмек көрсету түрі ұлғайып, жаңа туған балаларға медициналық көмек тек қалалық балалар ауруханасында көрсетіле бастады. Нейрохирургиялық оталарға қажеті заманауи аппараттар да орнатылған. Айта кету керек, жуырда Шымкент қалалық перенеталдық орталығына нәрестелердің шетінеуін азайтып, мүгедектігінің алдын алуға арналған заманауи медицина жабдығы салтанатты түрде тапсырылды. «2017 жылы «Ayala» қоры мен Денсаулық сақтау министрлігі «Басқарылатын гипотермия» жобасын қолдау туралы меморандумға қол қойды. Бүгінге дейін Қазақстанның 12 қаласында қор орнатқан жабдықтар арқылы 235 жаңа туған сәбидің өмірі мен денсаулығы құтқарылды. Бұл кешенді жабдық босану кезінде ауыр және орташа асфиксияға ұшыраған сәбилердің өмірін сақтап, денсаулығын қалыпқа келтіруге арналған. Ал, республика көлемінде орнатылған 12 кешеннің алтауы «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан «Samruk-Kazyna Trust» қорының демеушілік қолдауымен алынып отыр» — деді «Ayala» қорының өкілі Наталья Еськова. Мамандардың сөзіне сенсек, Шымкент — «Samruk-Kazyna Trust» қорының демеушілік қолдауымен мұндай заманауи жабдыққа қол жеткізіп отырған алтыншы өңір. «Samruk-Kazyna Trust» қоры өткен жылдан бастап «Ayala» қорымен бірлесіп, игі бір жобаны жүргізіп келеді.  Біздің қор үшін денсаулық сақтау саласындағы өңірлік жобаларды қолдау — маңызды басымдықтардың бірі» — деп атап өтті «Samruk-Kazyna Trust» қоры бас директорының орынбасары Серғожа Қалиасқаров.