ҮШІНШІ МЕГАПОЛИСТЕ МЕДИЦИНАНЫҢ ДАМУЫНА АЙРЫҚША НАЗАР АУДАРЫЛУДА
Медицина саласының қоғам өміріндегі маңызы жоғары. Қазіргі уақытта Шымкент қаласының коммуналдық меншігінде 36 медициналық ұйым бар. Оның ішінде 15-і – ауруханалық ұйым, 14 амбулаторлық-емханалық ұйым және 7 мекеме басқа бейінге бағытталған.
Үшінші мегаполистегі медициналық қызмет сапасын жақсарту мақсатында материалдық-техникалық база жаңартылып, көрсетілетін қызмет түрлері кеңейе түспек. Толығырақ тоқталсақ, №1 қалалық клиникалық аурухана, №2, №3 қалалық ауруханаларында медициналық көмек түрі артып, көпсалалы аурухана болып қайта құрылады. Бүгінде көпсалалы ауруханаға айналған медициналық мекеменің бірі – қалалық балалар клиникалық ауруханасы. Жаңғырту жұмыстарынан соң ауыр дертке шалдыққан балалардың өзге қалаға сабылмай осында ем алып, күрделі оталар жасауына мүмкіндік туады. Бұл бағыттағы жұмыстар іске асып, орындалып жатыр. Қазіргі уақытта балалар ауруханасында нейрохирургиялық, күйік, урологиялық, торакальды хирургия, нейрохирургиялық медициналық оңалту бөлімшелерінің қызметтері жолға қойылған. Нейрохирургиялық оталарды жандандыру мақсатында соңғы үлгідегі заманауи аппараттар орнатылғанын да айта кету керек. Айта кету керек, жуырда қалалық аурухана базасында науқасқа қалқанша маңы безі артерияларының эмболизация отасы жасалады. Осы отадан кейін оның жағдайы жақсарып, ауырсыну басылған. «Операциядан кейін науқастың сүйек буынындағы қанындағы парат-гормон деңгейі 7 күнде 1733 пг/мл-ге дейін төмендеген және одан да төмен түсуі күтілуде. Сондықтан науқас қатаң бақылауға алынып, әр аптада қан талдауға алынуда. Бір науқастың өмірін аман алып қалу үшін дәрігерлер командасы болып жұмыс істеп, консилиум құрдық. Консилиум құрамына 10-ға жуық дәрігер кірді» дейді дәрігер-нефролог Мадияр Қыстаубаев. Ақ халаттылар аталған отаның түрі накозды қажет етпейтін және асқынуларды болдырмайтын хирургиялық ем түрі екенін айтады. Бүгінгі таңда науқастың жағдайы қалыпты. Дәрігерлер тексеру жұмыстарын жиі жүргізіп, жағдайынан хабар алып жатыр. Айта кету керек, соңғы уақытта шымкенттік ақ халаттылар күрделі ота түрлерін қаладағы ауруханалар базасында жасап, науқастардың өмірін аман сақтап келеді. Мұның өзі салада қолға алынған жемісті жұмыстардың нәтижесін айғақтаса керек.