ЖАРЫҚТАНДЫРУ ІСІНДЕ ІЛГЕРІЛЕУШІЛІК БАР
Тұрғындардың тарапынан ең жиі көтерілетін мәселенің бірі – көшелерді жарықтандыру. Аталған түйткіл бойынша үшінші мегаполисте ауқымды бастамалар қолға алынып, жүзеге асырылып келеді. Нақтырағы, қала әкімдігі бекіткен жоспарға сәйкес, мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 2021-2023 жылдары 312 көшені жарықтандыру жоспарланып отыр.
Естеріңізде болса, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үлкен қалаларда тұрғындарға қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыруды тапсырған еді. Аталған тапсырманы орындау мақсатында қалалық әкімдік «Шымкент қаласын жарықтандырудың құрылысын салу, қайта құру және пайдалану» жобасын әзірлеген. Соның аясында 2021 жылы 136 көше жарықтандырылды. Арасында шалғай елді мекендер мен шағынаудандарда орналасқан көшелер де бар. Олар – Гүлдала, Жоламан, Ағайынды Тәжібаевтар, Сыздықов, Егемен ел, Қазына, Әлмахан қажы және Жабай ата, Аргоферма Қарасу, Ақсуат көшелері. Бұдан бөлек, өткен жылы жылы 30 көшедегі ескі жарық шамдар заманауи LED шамдармен алмастырылды. Шамы жаңарғандардың арасында Темірлан тас жолы мен Ю.Гагарин, Түркістан, Төле би секілді орталық көшелер де бар. Жұмыстар биыл да жалғасын табады. Атап айтқанда, 102 көше жарықтандырылмақ. Жалпы көрсеткішке келсек, 2021 жылдың қорытындысымен орталық маңызы бар 747 көшенің 356 көшесі жарықтандырылып, қамту көрсеткіші 43,4 пайызды құраған еді. Биыл жарықтандырылған көшелердің саны 458-ге жетіп, қамту көрсеткіші 61,3 пайызға жетеді деп күтілуде. Жоспарға сәйкес, 2023 жылы тағы 106 көше жарықтандырылып, қамту көрсеткіші 70 пайызды құрамақ. Осы тұста айта кетерлігі, қаладағы жарықтандыру желілері автоматтандырылған басқару жүйесіне қосылуда. Диспетчерлік орталықта қай көшелер қосылып немесе өшіп тұрғанын, қанша жарықшам істен шыққанын көрсететін бұл жүйеге әзірге 40 көше қосылды.
Айта кету керек, 2022 жылы қала көшелерін жарықтандыру көрсеткішін 57 пайызға жеткізу межеленіп отыр. Әл-Фараби ауданындағы III, IV, V сектор бойынша өткен жылы 8 көше жарықтандырылған. Биыл бұл аумақта 8 көше жарықтандырылады. Атап айтқанда, «Қарасу» шағынауданының ішкі орамдық жолдары, Ж.Шәмерденов көшесінің жалғасы, Ж.Тыныбаев, А.Әбдіразақов, Бекетті, Ақбастау, Камал және Хлопзовод көшесіне жарықшамдар қойылады. Аталған сектор бойынша 2023 жылы 9, 2025 жылы 4 көшені жарықтандыру энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының жұмыс жоспарына енгізілді. 2022 жылы ауданда жалпы 17 көшені жарықтандыру жұмыстары жүргізіледі.