ЕҢБЕК АДАМЫНЫҢ ҚҰҚЫҒЫ ҚАШАН ДА НАЗАРДА

111
0

Қызметкер мен жұмыс беруші арасында түсініспеушіліктер болып тұратыны белгілі. Бұдан бөлек, жұмысшылар айлық жалақысын ала алмай жүрген жағдайлар да кездесіп жатады. Өз кезегінде, тиісті сала мамандары аталған мәселені шешу үшін ауқымды істер атқарып жатыр. Соңғы көрсеткіштерге сүйенсек, Шымкентте ағымдағы жылдың басынан бері қалалық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы қызметкерлерінің қадағалауымен 17 кәсіпорында 1200-ден астам  жұмыскердің жалақы қарызы өтелген.

Бұл туралы әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу бойынша үш жақты комиссия отырысында айтылды. Оған қала әкімдігіне қарасты басқарма басшылары мен аудан әкімдерінің орынбасарлары, жұмыс берушілер және қалалық кәсіподақ өкілдері қатысты. Көтерілген мәселелер — азаматтардың еңбек құқығын қорғауға байланысты түйткілдері. Оның ішінде міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдардың уақытылы әрі толық төленуі, еңбек қауіпсіздігі, жазатайым оқиғалардан сақтандыру сынды мәселелер басты назарда екені айтылды. Жиын барысында Шымкент қаласы мемлекеттік еңбек инспекциясының басшысы Бауыржан Қалжанов қазіргі таңда жұмыскерлерді сақтандыру аса маңызды екеніне тоқталды. Себебі құрылыс саласында ауызша келісім және қызметтер көрсету шарттарының түзілу салдарынан қауіпті жұмыста еңбек ететін жұмыскерлер сақтандыру жүйесінен тыс қалуда. Осы бағытта ішкі еңбек нарығын қорғау, көлеңкелі экономикадағы еңбек табыстарын ресми бағыттарға өткізуді көздейтін ұсыныстар мен төмен жалақы деңгейін көтеру туралы ұсыныстар әзірленбек. Бұдан бөлек, маңызды басқосуда «Еңбек-елдің мұраты» арнайы жобасын іске асыру және «Еңбек жолы» конкурсын өткізу мен «Балалар еңбегінің ең нашар түрлерін жою жөніндегі 2022-2024 жылдарға арналған іс-шаралардың орындалу барысы да талқыланды. Қорыта айтқанда, қызметкерлердің құқығы қашан да жергілікті әкімдіктің назарында. Талапқа томпақ келетін әрекет жасаған жұмыс берушілер заң аясында жазаланады. Сондықтан келісімшартта көрсетілген міндеттемелер жайы орындалуы тиіс.