ТІГІН ІСІ ТЕГІН ҮЙРЕТІЛУДЕ

97
0

Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты «Бақытты жанұя» орталығында көпбалалы аналар тігін ісін тегін меңгеріп жатыр. Мұның өзі жұмыссыз жүрген аналарға көптеп қолдау болуда.

Орталықтағы арнайы шеберхана тігін машиналары және өзге де қажет құрал-жабдықтармен толықтай қамтылған. Көпбалалы аналар мұнда құрақ көрпе, қыз жасауы мен сұранысқа ие сән үлгісіндегі кимдер және түрлі ою-өрнектер кестеленген қазақы нақыштағы тақияларды тігіп үйренуде. Оларға тігін ісін үйрететін шебердің бірі – Еркінай Көшкінова. Көпбалалы ананың асырауында 12 жастағы мүмкіндігі шектеулі перзенті бар. Ерекше ұлы ою-өрнектердің дизайнын компьютер арқылы әзірлеп береді. «Бақытты жанұя» орталығына жыл басында жұмысқа орналастым. Содан бері осында қыз-келіншектерге тігін тігуді үйретіп келемін. Кәсібім өзіме қатты ұнайды. Үйде қысқа мерзімді кәсіптік оқу оқып, мемлекеттік грант қаржысына сатып алған тігін машинам бар. Қосымша тапсырыстар қабылдаймын. Ұлымды да осы кәсіпке баулып жатырмын. Адамда еңбастысы еңбек етуге ниет болуы керек» дейді ол.  Орталықта бұдан өзге бағыттар бойынша да оқу курстары жұмыс істеп жатыр. Атап айтсақ, кондитерлік, компьютерлік сауаттылыққа үйрету, шаштараз, SMM, маникюр-педикюр. Дефектолог-логопед тіл кемістігі бар балалардың аналарына тыныс алу және артикуляциялық жаттығулар үйретеді. Жалпы бастама аз қамтамасыз етілген отбасылар мен  көп балалы аналарға қолдау көрсетуді көздейді. Қазіргі уақытта орталық қызметкерлері келішулерге психологиялық, құқықтық кеңестер береді. Атаулы әлеуметтік көмекке құжат тапсыру, тұрғын үй кезегіне тұру, Еqov.kz порталынан қызмет алу мәселелері бойынша көмектерін ұсынады. Жыл басынан бері мекеме 7 мыңға жуық азаматқа қызмет көрсеткен. Қала әкімінің орынбасары Ерғали Білісбеков мекемені аралау барысында сала мамандарына оқу курстарын тәмамдаған азаматтарды жұмыспен қамту ісіне айрықша назар аудару керегін тапсырды. Айта кету керек, Шымкент қаласының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспары аясында 2022 жылы 24 196 жұмыс орыны құрылатыны жоспарланған. Оның ішінде 14 517 тұрақты болса, 9679 уақытша жұмыс болып табылады. Даму жоспары аясында ұлттық жобаларға 10 552 жұмыс орны ашылған. Оның 7584 уақытша, ал 2968 тұрақты жұмыс орын. Сондай-ақ, жеке бастамамен құрылатын жұмыс орындары яғни жеке меншік бала бақшалар, спорт кешендері, білім беру ұйымдары, дәріхана, асхана және басқада қызмет көрсететін ұйымдар 13 644 орын ұсынып отыр. Оның да 2095 уақытша болса, 11549 орын тұрақты орын.