ӨҢІРДІҢ ЭКОНОМИКАСЫ ӨСІП, ӘЛЕУЕТІ АРТЫП КЕЛЕДІ

95
0

Шымкент қаласының экономикасы жоғары қарқынмен дамып келеді. Бір ғана мысал, соңғы 5 жылда қала экономикасына 1,8 триллион теңге инвестиция тартылған. Соның ішінде 2022 жылдың 9 айында Шымкент экономикасына 327,9 миллиард теңге инвестиция құйылды.

Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 20 пайызға жоғары. Жыл соңына дейін инвестиция көлемі 600 миллиардқа жетеді деп күтілуде. Ресми деректерге жүгінер болсақ, бүгінде қаланың жалпы өңірлік ішкі өнімінің 40 пайызын – кәсіпкерлік, 23 пайызын – өнеркәсіп, 25 пайызын – сауда мен қызмет көрсету және 4 пайызын – құрылыс саласы құрайды. Сарапшылар инвестиция көлемінің арту есебінен қала бюджеті де 4 есеге артқанын алға тартып отыр. Бюджет көлемі 582 миллиард теңгені құрап, оның ішінде өзіндік кірістер 83 миллиард теңгеден, 251 млрд.теңгеге дейін немесе 3 есе ұлғайған. Қала әкімдігінің жоспарына сәйкес, алдағы 5 жылда 6 триллион теңге инвестиция тарту көзделген. Оны орындау бойынша нақты жоспар жасалыпты. Шымкентте 5 өндіріс аймағы құрылған. Оның ішінде 3 индустриалды, 1 арнайы экономикалық аймақ және 1 транспорттық-логистикалық аймақ бар. Бұл аймақтардың жалпы аумағы 886 гектарды құрайды. Әрі бұл аймақтарда 10 мыңнан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Қала әкімдігінің мәліметі бойынша, индустриалды аймақтардың дамуының арқасында биыл қаладағы өнеркәсіп өнімінің мөлшері 850 миллиард теңгеге жетеді деп күтілуде. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,5 пайызға жоғары. Ресми деректерге жүгінсек, бүгінде қаладағы 5 өндірістік аймақ та толып қалған, онда жаңа кәсіпорындар ашатын жер жоқ, сол себепті әкімдік тарапынан жаңадан «Жұлдыз», «Бозарық» және «Стандарт» жеке индустриалды аймақтарының инженерлік- инфрақұрылымы жүргізілуде. Бұл өндірістік аймақтарда 111 жоба іске асырылып, 10 мыңға жуық жұмыс орындары ашылады. Айта кетейік, елімізде жеңіл өнеркәсіп саласында өндірілетін тауарлардың 23,1 пайызы Шымкентте жасалады. Бұл көрсеткіш жылдан жылға ұлғаюда. Мәселен, Шымкентте биылғы жылдың 8 айында жеңіл өнеркәсіп өндірісінің көлемі 22 миллиард 401 миллион теңге болды. Өткен 2021 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 4 миллиард 342 миллион теңгеге артқан.