ПОЛИЦЕЙ МЕНIҢ ҚОРҒАНЫМ БА?

383
0

Жұмыс арасында сыртқа шығып, темекi шегiп тұрғанмын. Кенет жаныма телiмдiк инспектордың көлiгi келiп тоқтап, iшiнен аға лейтенант шенiндегi полицей түстi. Ұялы телефонмен сөйлесiп тұрған маған жақындады да:

— Сiз кiмсiз, құжатыңыз бар ма? – деген соң оған ызам келiп:

— Тым күдiктi көрiнемiн бе? – деп өзiне қарсы сұрақ қойдым.

— Жоқ, шарбаққа сүйенiп тұрған соң iшiп алған жан болар деп ойладым.

Құжат тексергiш полицейдiң арғы ойын айтпаса да бiлемiн. Себебi дәл осының алдында жұмыстан кеш шығып, шаршап-шалдығып қаланың шетiндегi үйге сандалып келе жатқанымда да дәл осылай, телiмдiк инспектордың көлiгi жаныма тоқтап, 3 бiрдей полицей аса қауiптi қылмыскердi көргендей маған тарпа бас салғаны бар. Салғыласпа сұрақ-жауаптың төркiнi мынадай:

— Құжатыңыз!

— Осындай ми қайнатар ыстықта кiм құжат арқалап жүрмек?

— Ту, тоя арақ iшiп алыпсың ғой, бауырым!

— Сараптама жасатып көрелiк.

— Кiмсiз?

— Республика көлемiне тарайтын газеттiң қызметкерiмiн!

— Онда, айып етпеңiз!

Осындайлар жұрт жұмыстан шаршап қайтқанда неге тым белсендiлiк танытқыш? Егер iшкiштердi iздесе, кез-келген дүкен маңайларында, саябақтарда ондайлар толып жүр емес пе? Құжат тексергiш болса, құрылыс жүргiзiп жатқан кез-келген нысанда келiмсектер қаптап жүрген жоқ па? Инспектордың түпкi ойлары жұмыстан кейiн бiрер саптыаяқ сыра iшкендердi «қармаққа» түсiру, iшкенiн дәлелдеп, «сындыру».

Олардың әсiресе, жастарды онда да ауылды жерден келгендердi «аңдулары» басым. Қалтасында қаражаты жоқтарды жақсы бiледi, «осыдан бiрнәрсе шығады-ау» дегендердi жазбай танып, құжат сұраулары сондықтан. Айыптарын жууға да жақсы, «күдiктi көрiнген соң құжатын сұрадық» дейдi. Сондықтан болар, көпшiлiктiң арасында полицияға деген сенiм өте төмен. Оларды дөрекi, мәдениетсiз көретiндер талай әжуалаған, «Тамаша» тамтығын  қалдырмаса, «Нысана» нысанаға алып, «Шаншар» шаң қаптырған. Сонда да қоймайды, сонда да тоймайды. Ал, өздерiн кафе-бардан жиi көремiн. «Полиция – менiң қорғаным» деп айтуға аузым бармайды. Себебi олар мұндай теңеуге лайықты жандар емес.

 

Е.СӘРСЕНБИН.