«ОҢТҮСТІК» АЭА МҮМКІНДІКТЕРІ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

94
0

Жуырда Шымкент қаласына «SMAN» брендінің негізін қалаушы және бас директоры Сман Бекарыс Абайұлы келген болатын. Аталған компания Қазақстан нарығында 2014 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Компания жылына 20 мыңнан астам ерлер мен әйелдер аяқ-киімдерін, сондай-ақ премиум сападағы бірқатар сөмкелер мен акссесуарлар шығаруда. Осы орайда, танымал брендтің иесі «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағына табан тіреп, жұмыс барысымен танысты.

Аталған шара барысында кәсіпкерге «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағының қызметі, ондағы жеңілдіктер мен преференциялары, АЭА-тың қатысушы ретінде тіркеу рәсімі таныстырылды. Сондай-ақ аталған аумақта орналасқан «Жеңіл өнеркәсіп құзыреттілік орталығының» қызметімен, «B’Bars» ЖШС және «СП «Lux Shoes» ЖШС аяқ-киім шығару кәсіпорындарының өндірістік алаңдарымен танысты. Кез келген өндіріс орнының табысты жұмыс істеуі білікті мамандардың шоғырлануына тікелей байланысты. Ал, Қазақстанда, соның ішінде Шымкент қаласы мен Түркістан облысында жеңіл өнеркәсіптің жоғары және орта буынды білікті кадрлар, техникалық қызметкерлердің өткір тапшылығы байқалып отыр. Осы проблеманы шешу үшін 2020 жылдың желтоқсан айында «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағының басқарушы компаниясы «Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжімен» бірлесіп «Жеңіл өнеркәсіптің құзырет орталығын» құрған. Бұл орталықтың материалдық-техникалық базасын заманауи жабдықтармен қамтамасыз етуге «Жас маман» жобасы аясында республикалық бюджеттен 371 миллион теңге бөлінген. Құзыреттер орталығын құрудағы негізгі мақсат – жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарын жоғары білікті мамандармен қамтамасыз ету. Қазіргі күнге дейін мұнда 150-ден астам студент оқу практикасынан өткен. Қазір тағы 200-ге жуық түлек «Әлем-БТ», «Назар Текстиль», «Бал Текстиль», «Azala Cotton», «SAGITEX GROUP» және «BAER» компанияларында практикадан өтіп жатыр. Жалпы, жеңіл өнеркәсіп құзыреттілігі орталығының түлектері «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағындағы кәсіпорындар персоналының 30-40 пайызын қамтиды. Айта кету керек, мұндай тәжірибе әзірге тек «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында ғана қолданылады. Жалпы соңғы жылдары Шымкент қаласында кәсіпкерлік сала қанат жайып келе жатыр. Бүгінде бірнеше индустриалды аймақтардың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Мұның бизнес саласында еңбек ететін кәсіпкерлерге үлкен қолдау болуда.