ТҮРКІСТАНДА ТЕАТР ҰЖЫМЫ ТІЛДІ ТЕРЕҢ МЕҢГЕРУГЕ ДЕН ҚОЙДЫ

3
0

Тіл – тек қарым-қатынас құралы ғана емес, ұлттық рухты, ойлау жүйесін, мәдениетті жеткізетін ең басты құрал. Ал театр – сол рух пен мәдениетті сахнада тірілтетін, көрермен жүрегіне жол табатын ерекше әлем. Театр өнері сөз құдіреті арқылы ел мен жердің, тарих пен тағдырдың үнін жеткізеді. Сондықтан сахнада сөйленетін әрбір сөздің тазалығы, анықтығы мен әсері – көркемдік қана емес, мемлекеттік жауапкершілік.

Осы орайда, Түркістан қаласы әкімдігінің «Тілдерді оқыту және дамыту орталығы» КММ тарапынан Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан сазды-драма театры қызметкерлері үшін қазақ тілін меңгеруге арналған В1 (орта деңгей) бойынша оқыту курсы ұйымдастырылып отыр. Бұл бастама – театр ұжымының кәсіби жетілу жолындағы маңызды кезеңі ғана емес, өңірлік мәдениетті дамытудағы стратегиялық маңызы бар қадам. Театр – тілсіз өмір сүре алмайтын өнер түрі. Режиссерлік шешім, актерлік ойын, сценография қаншалықты мықты болса да, көрерменге әсер ететін басты құрал – сөз, яғни тіл. Әсіресе қазақ театрында тілдің рөлі ерекше. Сахнадан айтылған әрбір сөз – көрерменнің жүрегіне жетіп, санаға әсер етуі тиіс. Дегенмен, тілдік ортадағы өзгерістер, диглоссиялық жағдай, аралас тілдегі қарым-қатынас – сахна тілінің де қалыпты құрылымына әсер етпей қоймады. Осы себепті актерлердің, театр қызметкерлерінің қазақ тілін терең әрі сауатты меңгеруі — қазіргі уақытта аса өзекті мәселе. Бұл тұрғыдан алғанда, жүргізіліп жатқан курс тек лингвистикалық дағдыны ғана емес, тіл мәдениетін, сахналық сөйлеу шеберлігін, мәнерлілік пен нақтылықты дамытуға бағытталған. В1 (орта деңгей) курсы – қатысушылардың тілдік білімін тереңдетіп, оларды нақты өмірлік және кәсіби жағдаяттарда еркін сөйлеуге дағдыландыратын саты. Бұл деңгейде тыңдаушылар қазақ тілінде дұрыс әрі сауатты сөйлеуге, күрделі сөйлемдер құрауға, өз ойын жүйелі жеткізуге, қызметтік қарым-қатынаста әдепті және кәсіби тілдік үлгілерді қолдануға, мәтіндерді түсініп, пікір білдіруге, сауатты жазуға, сахнадағы сөз бен интонацияны ұштастыруға үйренеді. Курс бекітілген оқу бағдарламасына сәйкес жүргізіледі және қатысушылардың кәсіби ерекшеліктері есепке алынған. Мысалы, жаттығуларда театр терминологиясы, сахналық диалогтар, пьесадан үзінділер пайдаланылады. Бұл – үйренілген білімді күнделікті жұмыс барысында қолдануға мүмкіндік береді.

Сазды-драма театры – тек мәдени мекеме ғана емес, рухани тәрбие мен ұлттық құндылықтарды дәріптейтін қоғамдық институт. Театр ұжымының қазақ тілін меңгеруі бірнеше маңызды бағытқа әсер етеді. Тіл байлығы – актерлік шеберліктің басты тірегі. Қазақ тілін терең меңгеру арқылы әртістер өз рөлін табиғи, әсерлі, мазмұнды жеткізеді. Қазақ тілінде таза әрі сауатты сөйлейтін актер – көрерменнің сеніміне ие болады. Бұл театр мен қоғам арасындағы рухани байланысты күшейтеді. Театр – жастардың эстетикалық және тілдік тәрбиесіне тікелей әсер ететін орта. Қазақ тілін жетік меңгерген өнер иесі – өзге буынға үлгі. Түркістан – тарихи-рухани орталық. Ондағы өнер мен мәдениет қазақ тілінің дамуымен тығыз байланысты. Театр ұжымының тілді меңгеруі – өңірлік мәдениет саясатының ілгерілеуіне әсер етеді. Сахна тілі – жай сөйлеу емес. Ол – мәнер, интонация, дауыс қою, психологиялық салмақ. Бұл дағдылар тек көркем мәтінді оқу арқылы емес, сауатты тілдік дайындық негізінде қалыптасады. Сондықтан курс барысында артикуляциялық жаттығулар, дұрыс дауыс ырғағын қалыптастыру, эмоциялық жүктемені жеткізуге арналған тілдік үлгілер, сөйлеу қарқыны мен үзілістерді қолдану әдістері меңгеріледі. Осы әдістердің барлығы – актердің сөйлеу мәдениетін жетілдіріп, оның кәсіби бейнесін қалыптастыруға жол ашады.

Қазақстандағы тіл саясатының басты бағыттарының бірі – мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту. Бұл саясатты жүзеге асыруда білім, ғылым, БАҚ сияқты салалармен қатар, мәдениет және өнер мекемелерінің рөлі ерекше. Театр – мемлекеттік тілді насихаттайтын тірек алаңдардың бірі болуы тиіс. Осы бағытта Түркістандағы бастама – тек тіл меңгеру курсы емес, мемлекеттік саясаттың мәдениет саласындағы нақты көрінісі. «Тілдерді оқыту және дамыту орталығы» КММ-нің бұл жобасы – ел Тәуелсіздігін, ұлттық болмысты, мемлекеттік тілді өнер арқылы дәріптеудің жаңа үлгісі. Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан қаласының сазды-драма театры қызметкерлеріне арналған қазақ тілі курсы – мәдениет пен тіл саясатының тоғысқан тұсы. Бұл бастама – тек оқу үдерісі емес, рухани даму мен кәсіби кемелденудің өзегі. Қазақ тілін меңгерген әрбір театр қызметкері – сахнада ұлттық болмысты жаңғыртып, көрермен санасына рухани сәуле себетін тұлға.