САЛАНЫ ДАМЫТУ ІСІ БАСТЫ НАЗАРДА
Қазақстан балық ресурстарына өте бай. Елдің экономикалық дамуында балық шаруашылығы ерекше рөл атқара алады. Соңғы уақытта бұл салада үлкен жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі таңда Үкімет қабылдаған бастамалардың арқасында балық шаруашылығы айтарлықтай сәтті дамуда. Осы орайда, аталған материалда Шымкент қаласындағы балық шаруашылығы турасында тарқата айтуды жөн санап отырмыз.
Үшінші мегаполиске балық өнімдері өзге аймақтардан әкелінеді. Күніне орта есеппен 3 тоннаға дейін жеткізілетін балық өнімдері шаһардағы балық сататын 20 дүкен мен бөлшек сауда орындарында сатылуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында балық шаруашылығына ерекше мән беру керектігін айтқан еді. Бұл ретте, Шымкентте аталған саланы қарқынды дамыту қолға алынды. Осы бағытта қала аумағында 2019 жылдан бастап жылына 200 тоннаға жуық «африкалық сом» балығын өндіретін «Алина» шаруа қожалығы жұмыс істеуде. Онда өндірілетін балық өнімдері қаладағы мейрамханаларға және балық сататын дүкендерге үздіксіз жеткізілуде. Шаруа қожалығының иесі Данияр Рахымжанов бұл межемен тоқтап қалмай, қала аумағындағы су тоғандарын пайдалана отырып, нарықта алтынмен тең бағаланатын «бекіре» тұқымдас балық түрін асырауды жоспарлауда. Бұған қоса, балықтарға арналған құрама жем өндіру цехын құруды да көздеп отыр. Алайда шаруа қожалығын бүгінде толғандырып отырған мәселе бар. Мұны қожалық басшысы Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсіновпен кездесу барысында айтты. Яғни шаруа қожалық балық өнімдеріне еурономер алу мәселесін көтерді. Балық өнімдерін Еуропалық Одақ елдеріне экспорттау үшін кәсіпорын Еуропалық Одақтың тізілімінде тұруы керек. «Бүгінгі таңда Қазақстанда кәсіпорынның еуропалық стандарттарға сәйкестігі туралы еурокод беретін орган жоқ. Бұған дейін оны ветеринарлық бақылау және қадағалау органдары берген. Бірақ бірнеше жылдан бері еурокодтарды беру тоқтатылды. Ресейде орын алып жатқан жағдайға байланысты Еуропалық кәсіпорындар бізбен тікелей байланысып жатыр. Ал біз еурокодсыз экспорттай алмаймыз», — дейді кәсіпкер. Мәселе алдағы уақытта оң шешімін таппақ. Нәтижесінде шымкенттік өнімдер Еуропа асып, қарт құрлықтағы тұтынушыларына жол тартады.