ШЫМКЕНТТЕ САПАЛЫ ЖИҺАЗ ШЫҒАРАТЫН ФАБРИКА БАР

88
0

Бүгінде Шымкент қаласына қаржы құюға ниетті инвесторлардың қатары қалыңдап келеді. Мәселен, ағымдағы жылы «Тассай» индустриялық аймағында 250 жаңа жұмыс орны ашылып, 2 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Соның бірі — кеңсеге, мектепке шкафтық жиһаздар мен жиһаздар шағаратын «Mega Smart B2B» ЖШС-ы.

Жаңа фабриканың ашылуына қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан қатысты. «Қаламызда мемлекеттік қолдау арқасында жаңа өндіріс орындарының саны жыл санап артып келеді. Қазіргі уақытта Шымкентте қолайлы инвестициялық климат қалыптастыру үшін қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Осы мақсатта қала экономикасы өсімінің негізгі алаңдары болып табылатын арнайы экономикалық, индустриялық аймақтардың тиімді жұмыс жасауына ерекше көңіл бөлінуде. Бүгінде «Тассай» индустриялық аймағында іске асырылған жобалар санын жиырмаға жеткізіп отырмыз. Сол кәсіпорындардың бірі – «Mega Smart B2B» жиһаз фабрикасы болып табылады» деген Шыңғыс Мұқан кәсіпорынды ашылуымен құттықтады. Көлемі 2 гектар аумақты құрайтын 750 млн.теңгелік инвестициялық жоба нәтижесінде 100 адам жұмыспен қамтылды. Заманауи технологиялармен жабдықталған өндіріс ошағы жылына 120 мың жиһаз бұйымдарын шығаруға қауқарлы. Бұған дейін «Тассай» индустриялық аймағында қала күні мерекесі қарсаңында қорғаныс киімдері мен медициналық мақсаттағы бұйымдар шығаратын «Экофарм» өндіріс орны ашылғанын жазған едік. 3,4 млрд теңгені құрайтын инвестициялық жоба «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Тассай» индустриалды аймағынан 1,25 гектар жер телімін ұзақ мерзімге жалға алып, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында «Даму» қоры арқылы субсидияланған. Жаңадан ашылған бұл өндірісте 150 адам жұмыспен қамтылды. Заманауи технологиялармен жабдықталған мекеменің жылына 600 мың дана қорғаныш киімінің 17 түрін, 500 мың дана медициналық киім, 20 миллион дана медициналық маска мен респиратор, 1 миллион дана медициналық көзілдірік шығаруға мүмкіндігі бар.