БІРНЕШЕ ШАҒЫНАУДАНДА САПАЛЫ ЖОЛ МӘСЕЛЕСІ ШЕШІМІН ТАПТЫ

97
0

Үшінші мегаполисте жолдарды жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бүгінде қалаға қарасты шалғайда жатқан елді мекендер мен шағынаудандардың бірқатар ішкі орамлық көшелері күрделі жөндеуден өтті. Қала берді айналма жолдардың да құрылысы қарқынды жүргізілуде. Осы орайда, жұмыстар аяқталып, пайдалануға берілген көшелер де жоқ емес. Ал оның сапасын шаһар басшысы Мұрат Әйтенов арнайы тексеріп, қажет тапсырмаларды беріп келе жатыр.

Қала әкімі Мұрат Әйтенов орташа жөндеу жұмыстары аяқталған бірнеше көшені аралады. Тексеру барысында үшінші мегаполис басшысы бірқатар ескертпелер беріп, жұмыстың сапалы орындалуы керегін баса айтты. Шаһар басшысы табан тіреген нысанның бірі — Қаратау ауданы Сайрам тұрғын алабындағы Сыдықхан ата көшесі. Көшенің ұзындығы — 2,7 шақырым, ал ені — 5 метр. Бүгінде құрылыс жұмыстары толығымен аяқталып, пайдалануға берілген. Жалпы биыл Шымкентте 308 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Оның 145-нде жұмыстар толығымен аяқталып, пайдалануға берілді. Қалған 163 көшенің жұмыстары күзге дейін аяқталады деп күтілуде. Жалпы қалада көлік инфрақұрылымын дамытуда бірқатар ірі жобалардың құрылысы жүргізілуде. Үстіміздегі жылы 190 нысан немесе 352 шақырым жолдарда құрылыс-жөндеу жұмыстары қолға алынды. Шымкент қаласында 2025 жылға дейін 3 жолайрық, 2 транзиттік айналма жол, А-2 автомобиль жолын қайта құру және Қонаев даңғылының жалғасын салу жұмыстары аяқталып, пайдалануға тапсырылады. Нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жолдардың үлесі 2022 жылы 64,7%-дан 2025 жылы 79%-ға жетеді. Әуе көлігі жолаушыларына қолайлы жағдай жасау үшін жеке инвестор есебінен әуежайға жаңа терминал салынып жатыр. Құрылыс аяқталған соң, жолаушыларды өткізу қабілеті сағатына он есеге жуық өседі. Баса айта кетерлігі, биыл қалаға қарасты шалғайда жатқан елді мекендер мен шағынаудандардағы жол мәселесі айрықша назарға алынады. Бұл бағытта жұмыстар да басталып кеткен. Кей көшелерге асфальттанса, енді біріне шағал тас төселеді деп жоспарлануда. Жол мәселесі — тұрғындар жиі көтеретін және көтеріп келе жатқан күрделі түйткіл. Сондықтан аяқталған құрылыс жұмыстарын қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлының өзі тексеріп, тиісті ескертпелерді беріп келе жатыр.