ҚАЛАДА 175 ЖАРАМСЫЗ ҚҰРЫЛЫС НЫСАНЫ БҰЗЫЛДЫ

59
0
Шымкент қаласы бойынша жарамсыз 175 құрылыс нысаны бұзылды. Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 43-бабының 10-бөлігіне сәйкес егер облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкімінің жер учаскесін беру туралы шешімінде өзгеше көзделмесе, жер учаскесінің нақтылы (белгілі бір жердегі) шекарасы белгіленгенге дейін және құқық белгілейтін құжаттар берілгенге дейін жер учаскесін пайдалануға жол берілмейді.
Осы норманы сақтамау жер учаскесін өз бетінше иеленіп алу деп бағаланады және ҚР-ның әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес әкімшіліктік жауаптылықты көздейді. Құқық белгілейтін құжаттары рәсімделмеген жер учаскелеріне қатысты мәмілелер жасасуға жол берілмейді. Заңсыз үй құрылыстары жүргізіліп, өз бетінше иеленген жер учаскелері, кезінде алаяқтық жолмен сатылып алынған. Қазіргі таңда аталған мән-жайлар бойынша аудандық полиция басқармаларымен тиісті іс қозғалып, тергеу-анықтау жұмыстары жүргізілуде. Қала әкімдігі және қала прокуроры арасында 2023 жылы «Жерді өз бетінше иеленуге жол жоқ» іс-шара жоспары түзіліп, 2023 жылы 31 қаңтарда қала прокуратурасының №3ө/7 өкімімен жұмыс тобы құрылған. Басты мақсат — қала аумағында бұрын салынғаны анықталған 2 314 тұрғын үйді зерделеп, ҚР Жер кодексінің талаптарына сәйкес, тиісті мекемелермен бірлесе мәселесін шешу. Өз кезегінде бұл жұмыс тобының мүшелері өз бетінше иеленген жерге салынған тұруға жарамды ғимараттарды иеліктен шығару құқығынсыз уақытша пайдалануға беру немесе салынған тұруға жарамсыз ғимараттарды бұздыру, содан соң аталған жер телімдерін мемлекет меншігіне өткізу жұмыстарын жүргізді. Шымкент қаласы аумағында бұрын салынған құжатсыз тұрып жатқан 2 314 тұрғын үй анықталды. Жарамдысы 1 831 тұрғын үй болса, ал қалған жарамсыз 483 үй бар. Заңсыз соғылған тұрғын үй иелеріне түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, мемлекет меншігіндегі өз бетінше жер иеленіп алудың жауаптылығы мен ол бойынша қолданылатын шаралар туралы хабарламалар таратылды. Сондай-ақ, Шымкент қаласындағы аудан әкімдерінің өкімдерімен барлық аудандар бойынша «Жерді өз бетінше иеленуге жол жоқ» жобасын жүзеге асыру мақсатында тиісті мекемелермен, құқық қорғау орган өкілдерімен бірлесе жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобының шешіміне сәйкес, аталған мемлекет меншігінің жеріне заңсыз салынған тұруға жарамсыз құрылыс нысандарын тұруға жарамсыз тұрғын үйлерді бұздыру шешімі қабылданды.