ЖОЛ ҚҰРЫЛЫСЫНДА ҚОЛҒА АЛЫНҒАН ШАРУА ШАШ-ЕТЕКТЕН

294
0

Үшінші мегаполисте жол құрылысы саласында жыл басынан бері қыруар іс атқарылды. Жемісті жұмыстың арқасында қалаға қарасты бірқатар шағынаудандар мен елді мекендердегі жол мәселесі шешілді. Бұдан бөлек, қала орталығындағы көшелерде орын алатын кептелістің мәселесін шешу үшін жолдарды кеңейту ісі де қарқын алған.

Жалпы қаланың магистралды көшелері мен ішкі орам көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары 167 нысанға немесе 308 көшеге жүргізілуде. Ағымдағы жылы ірі нысандар бойынша Қонаев даңғылы 3 кезеңі, Қонаев-Рысқұлов жолайрығының құрылысын және Самал-1,2,3, шағын ауданындағы жол құрылыс жұмыстарын аяқтау жоспарланған. Құрылыс жолағына түсетін жер учаскелерін мемлекет мұқтаждығына қайтару бойынша мәселелер дер кезінде шешілсе, шығыс және оңтүстік айналма жолының құрылысын аяқтау жоспары да бар. Арғынбеков пен Бәйдібек би даңғылы қиылысындағы жолайрық құрылысы 2022-2023 жылдар аралығындағы қаланың көлік қозғалысын реттеудің кешенді жоспарына сәйкес жүзеге асады. Нәтижесінде аталған көшелердің көлік өткізгіштік деңгейі екі есеге артатынын болады. Жолайрықтың техникалық сипатына орай Бәйдібек би даңғылында 700 метр, Арғынбеков көшесінде 921 метр көше аралығы құрылыс аумағына енген. Жоба бойынша ені 80 метрлі төрт-алты жолақты автомагистраль салынып, жол жиегіне жаяу жүргіншілер және веложол төселмек. Ал Бәйдібек би даңғылында көпір өткелі конструкциялары орнатылуда. Естеріңізге сала кетейік, жолайрықтың Бәйдібек би бойындағы көлік қозғалысы 6 шілде күні жабылған. Жоспарға сәйкес, ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінде Бәйдібек би даңғылы бойымен солтүстік бағытта көлік қозғалысы жартылай ашылады. Ал оңтүстік бағытта көлік ағыны Арғынбеков көшесінен бұрылып Байтұрсынов көшесіне қарай өтеді. Көлік қозғалысы үшін Арғынбеков көшесіне альтернативті магистралдар ретінде Рысқұлов және Төлеметов көшелері белгіленген. Ал, Бәйдібек би даңғылына альтернативті көше ретінде Бәйтереков, Шаяхметов және Өтегенов көшелері белгіленген болатын. Сонымен қатар, Шымкент қаласының жолаушылар көлігін дамытудың кешенді схемасына сәйкес қалаішілік орталық көшелерге 178 аялдама павильонын орнату жоспарланып отыр. Бүгінде қала ішінде жоспарға сәйкес 14 аялдама павильоны қойылған. Аялдама орнату жұмыстары шілде айында басталды. Аталмыш жұмыстарды орындау «Strong Servise» ЖШС және «Aicom» ЖШС-на тапсырылған.