КӘСІППЕН АЙНАЛЫСУҒА НИЕТТІ АЗАМАТТАРҒА ҚОЛДАУ КӨП

106
0

Шағын және орта бизнес – өндірістің драйвері. Осы орайда, елімізде шағын және орта кәсіп иелеріне қолдау барынша көрсетіліп келе жатыр. Оларға жеңілдетілген пайызбен несие беріледі. Индустриалды аймақтардан орындар беріліп, кәсібінің дамуына жағдайлар жасалады. Оның ішінде, үшінші мегаполисте кәсіпкерлік салада көрсетілер қызмет цифрлық жүйеге ауысуда. Мұның өзі жұмысты жеңілдететінін айта кету керек.

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов мемлекеттік бағдарламалар арқылы кәсіпкерлерге көрсетіліп жатқан қолдау туралы жиі айтып та келеді. Бүгінде үшінші мешаполистегі кәсіпкерлерге қолдау көрсету үшін «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасына 13,3 млрд теңге қарастырылған. Бүгінде 4,1 млрд теңгеге 1 830 жобаға қолдау көрсетілген. Ал, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 74 жобаға 1,1 млрд теңгеге қолдау көрсетілді. Жергілікті «Іскер қала» бағдарламасы шеңберінде 944 млн теңге бағытталып, бүгінде 183,4 млн теңгеге 19 жоба қаржыландырылды. Сонымен бірге, кәсіпкерлердің жеңілдетілген несиеге қолжеткізуі үшін«Shymkent–Atameken»микроқаржы ұйымы арқылы кәсіпкерлерге 25 млн.теңгеге дейін 6 пайыздық несие беріледі. Жыл басынан бері 86 жоба қолдау тапқан. «Бизнеске арналған үкімет – Shymkent Invest» бірыңғай орталығында 24 мыңнан астам кәсіпкерге бизнес-жоспарды әзірлеуден бастап, жобаны пайдалануға беруге дейінгі құжаттарға байланысты қолдау көрсетілуде. Үшінші мегаполистегі кәсіпкерлік сала қанат жайып келеді. Мәселен, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өнеркәсіп 10,1%, өңдеу өнеркәсібі 11,1%, инвестиция 19,5%, шағын және орта бизнес субъектілері 26,4 %, бөлшек сауда 14,9 пайызға өскен. Биыл өнім көлемі 856,9 млрд. теңге болады деп жоспарланған. 2022-2026 жылдар арасында 228 инвестициялық жоба жүзеге асырылатын болса, соның 50-і биылғы жылдың үлесінде. Оның ішінде инвестиция көлемі 52,8 млрд теңгені құрайтын 16 өнеркәсіптік жоба бар. Өңірлер арасында іс-әрекеттегі шағын және орта бизнес саны бойынша Шымкент алғашқы орында, жалпы өңірлік өнім көлеміндегі шағын және бизнестің үлесі бойынша үшінші орында, шағын және орта бизнестегі адам саны бойынша төртінші орында болса, шағын және орта бизнесте өндірілген өнім көлемі бойынша алтыншы орынға тұрақтаған.