2025 ЖЫЛҒА ДЕЙІН 3 ІРІ НЫСАН ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ

92
0

Бүгінде халық саны миллионнан асқан ірі қалалардағы негізгі мәселе – кептеліс. Әсіресе, аталған түйткіл таңертең және кешкі уақытта ушыға түседі. Өз кезегінде, қалалық әкімдік тарапынан бұл мәселені шешуде түрлі шаралар қабылданып, жүзеге асырылады. Мәселен, Шымкентте бұл мәселені шешу үшін қалада ірі көшелердің қиылысына жолайрықтар салу бастамасы көтеріліп, сәтті жүзеге асып келеді.

Жалпы 2025 жылға дейін Шымкентте 3 ірі жолайрық пайдалануға беріледі. Бұл қаладағы көлік қозғалысы мен кептеліс мәселесін шешуге септігін тигізбек. Жуырда Д.Қонаев даңғылы мен Т.Рысқұлов көшесінің қиылысындағы жолайрық құрылысы бітіп, пайдалануға берілді. Мұның өзі аталған қос көшедегі түйткілді түйіннің біршама шешілуіне мұрындық болды деуге негіз бар. Ал Арғынбеков көшесі мен Бәйдібек би даңғылының қиылысындағы жолайрық құрылысының алғашқы кезеңі ағымдағы жылы басталды. Бұл құрылыс келесі жылға өтпелі. Сондай-ақ, 2025 жылы 3 жолайрық, 2 транзиттік айналма жолдың құрылысын аяқтап, А-2 автожолы қалпына келтіріледі. Нәтижесінде сапалы жолдың еншісі 64,7 пайыздан 79 пайызға жеткізілмек. Сонымен қатар, Шымкентте әлеуметтік маңызы бар 747 көшенің 324-і жарықтандырылған. Биыл 102 көшеге мемлекеттік жекеменшік әріптестік негізінде жарықтандыру жұмысы жүргізілмек. Яғни, қаладағы жарықтандырылған көшелердің үлесі 43 пайыздан 57 пайызды құрайтын болады. Бұл көрсеткішті 2025 жылы 75 пайызға жеткізу жоспарланған. Шымкенттің алдыңғы бас жоспары 2012 жылы бекітілген. Ол кезде Шымкент облыс қарамағындағы 500 мыңдай тұрғыны бар қала болатын. Бүгінде Шымкент республикалық маңызға ие, 1 миллионнан астам тұрғыны бар үлкен қала. БРТ мен ЛРТ құрылысын салу — уақыт талабы. Ірі қалаларда атвобустарға аналогты қоғамдық көліктің болуы өте маңызды. Себебі, бұл көлік кептелісін азайтып, қала тұрғындарына қолайлы жағдай жасайды. Ал, оның құрылыс жөнінде тиісті мамандармен кеңесіп, зерделеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы қала әкімі Мұрат Әйтеновтың өзі мәлімдеген еді. Айта кетейік, Шымкентте жол құрылысы мен жөндеу жұмыстары 352 шақырымды құрайтын 190 нысанда жүріп жатыр. Басты ерекшелігі – биыл қала орталығындағы көшелерге емес, қалаға қарасты шағынаудандар мен елді мекендердің ішкі орамдық көшелерін жөндеуге басымдық беріліп отыр.