ШЫМКЕНТТЕ АЗАМАТТАРДЫҢ ЕҢБЕК ҚҰҚЫҒЫ БАСТЫ НАЗАРҒА АЛЫНҒАН
Шымкентте 1744 азаматтың еңбек құқығы қорғалды. Бұл туралы Шымкент қаласының мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы мәлімдеп отыр. Азаматтардың еңбек құқығының сақталуы — еңбек өнімділігіне тікелей әсер етуші фактор. Оның тұрғындардың әлеуметтік жағдайына да тікелей әсері болғандықтан жергілікті атқарушы органдар еңбек қатынастарының тұрақтылығын үнемі бақылап отырады.
Шымкент қаласының мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының хабарлауынша, жыл басынан бері еңбек заңнамасының бұзылуына байланысты 1160 арыз-шағым мен өтініш қаралып, 296 тексеру жүргізілген. Тексеру барысында 316 заң бұзушылық анықталып, 21,9 млн. теңге айыппұл салынған. Нәтижесінде 1744 азаматтың еңбек құқығы қорғалып, заң талаптарының орындалуы қадағалауға алынған. Сонымен қатар, Шымкент қаласының мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы қызметкерлердің еңбек ақысын толық әрі мерзімінде төленуі бойынша да біршама жұмыс жүргізді. Мамандар жыл басынан бері азаматтардың 222,3 млн.теңге көлеміндегі еңбек ақысы өндірілгенін мәлімдеп отыр. Бақылау-қадағалау және медиация жұмыстарының нәтижесінде 57 кәсіпорынның 1 355 қызметкеріне еңбек ақысы төленген. Жалпы Шымкентте жыл басынан бері қалалық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы қызметкерлерінің қадағалауымен 17 кәсіпорында 1200-ден астам жұмыскердің жалақы қарызы өтелді. Жұмыс берушілердің жалпы еңбекақы қарызы 200 миллион теңгеден астам қаржыны құраған. Бұл туралы салаға жетекшілік ететін қала әкімінің орынбасары Ерғали Білісбековтың төрағалығымен өткен әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу бойынша үш жақты комиссия отырысында мәлім болды. Қала әкімдігіне қарасты басқарма басшылары мен аудан әкімдерінің орынбасарлары, жұмыс берушілер және қалалық кәсіподақ өкілдері қатысқан комиссия отырысында азаматтардың еңбек құқығын қорғауға байланысты бірқатар өзекті мәселелер мен түйткілді түйіндер көтерілді. Атап айтқанда, міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдардың уақытылы әрі толық төленуі, еңбек қауіпсіздігі, жазатайым оқиғалардан сақтандыру басты назарда. Шымкент қаласы мемлекеттік еңбек инспекциясының басшысы Бауыржан Қалжановтың айтуынша, қазіргі таңда жұмыскерлерді сақтандыру аса маңызды. Өйткені, құрылыс саласында ауызша келісім және қызметтер көрсету шарттарының түзілу салдарынан қауіпті жұмыста еңбек ететін жұмыскерлер сақтандыру жүйесінен тыс қалуда. Осы бағытта ішкі еңбек нарығын қорғау, көлеңкелі экономикадағы еңбек табыстарын ресми бағыттарға өткізуді көздейтін ұсыныстар мен төмен жалақы деңгейін көтеру туралы ұсыныстар әзірленбек.