САПАЛЫ МАМАН — ЖЕМІСТІ НӘТИЖЕ

97
0

Жас маман тәжірибелі қызметкердің орнын баса алмайды. Кәсіби маманның дағдылары ондаған жылдық тәжірибенің арқасында қалыптасып, дамиды. Бұл айтпаса да белгілі. Дегенмен зейнет жасына жақындаған мамандардың бар білгенін жастарға оқыту арқылы аталған мәселені шешуге болады. Жоба Шымкент қаласында сәтті жүзеге асып келе жатқанын да айта кетейік. Бұл қандай жоба? Мақсаты не? Қандай артықшылықтары бар? Тарқатайық…

Шымкентте жас мамандарды жұмысқа орналастыру және зейнет демалысына шығатын жұмысшыларға лайықты ізбасар дайындауды мақсат еткен «Ұрпақтар келісімшарты» жобасына қатысып, жұмысқа жолданып жатқандардың дені — жастар. Солардың бірі — Нилюфар Убайдуллаева. Ол өткен жылы Шымкенттегі Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжін «Тігінші» мамандығы бойынша тәмамдаған. Осы жылдың маусым айының басында ол «Ұрпақтар келісімшарты» жобасына қатысуға өтінім беріп, қалалық халықты жұмыспен қамту орталығына тиісті құжаттарын өткізіп, нәтижесінде жеке кәсіпкер “Қасиет Collection” тігін цехына жолданған. Жас маман аталған өндіріс орнында зейнет жасына жақындаған тігін шебері Гүлчехра Егембердиевамен орын ауыстыратын болады. «Бұл жұмыс іздеп жүрген немесе жұмыссыз жастар үшін зор мүмкіндік деп ойлаймын. Тәжірибе жинақтайсың. Тәжірибелі тәлімгерден істің қыр-сырын үйренесің. Жобамен келгеніме еш өкінбеймін. Өзімді жақсы қырымнан көрсетсем тұрақты жұмысқа тұруға да мүмкіндік мол» дейді Нилюфар Убайдуллаева. Биыл Шымкентте «Ұрпақтар келісімшарты» жобасымен 24 адамды жолдау жоспарланған. Аталған жобаға қатысушының айлық жалақысы — 91890 тг. Мерзімі — 6 ай. Мұндай жобалардың еліміз үшін қажет кадрлар резерві мен сапалы мамандар даярлаудағы маңызы зор. Бастаманың арқасында қоғамның сан түрлі саласы түрлі білікті де тәжірибесі толысқан мамандармен толығып келе жатыр. Қала берді, жұмыс таппай, табаннан тозып жүрген жастарға да айрықша қолдау болып отырғаны жасырын емес. Бастама әрі қарай да жалғаса бермек. Жобаның арқасында кадр тапшы салалардағы жұмыс сапасы артып, жаңа деңгейге көтерілетіні де бесенеден белгілі. Маңызы зор, міндеті орасан «Ұрпақтар келісімшарты” жобасына қатысып, тәжірибе толықтыруды көздейтін жастарға барынша жағдай жасалып келе жатыр. Әрине, игілігін көптің көргені жақсы. Сондықтан қолда бар мүмкіндіктен де айрылып қалмау жолын қараған жөн.