ИГІЛІК ТҰРҒЫНДАРЫ КӨТЕРГЕН МӘСЕЛЕ ШЕШІЛДІ

194
0

Биыл Шымкентте қалаға қарасты шағынаудандар мен елді мекендердің мәселесін шешуге басымдық берілді. Жыл басынан бері қолға алынған жұмыстардың арқасында бірқатар түйткілді түйіндердің түйіні ағытылды. Атап айтқанда, бірқатар шағынаудандарға инженерлік инфрақұрылым желілері тартылды. Осының арқасында сапалы ауыз, электр жарығы және көгілдір отынмен қамту көрсеткіші айтарлықтай артты. Бұдан бөлек, жол жөндеу жұмыстары да қарқынды түрде жалғасып жатыр…

Ағымдағы жылы Абай ауданына қарасты Игілік тұрғын алабындағы көшелерге асфальт төсеу жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, Сергелі, Шеңгелді, Беріктас, Бабата, Атауы жоқ 32,33,34,35 көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Игілік тұрғын алабында жалпы 6,8 шақырым жолға асфальтбетон қабатын төсеу жұмыстары көзделген. Бүгінгі таңда жұмыстар аяқталды. Бұдан бөлек, қалада ірі нысандардың да құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Мәселен, Бәйдібек би даңғылы мен Арғынбеков көшесінің қиылысындағы 3 деңгейлі жолайрық құрылысы 2022-2023 жылдар аралығында қаланың көлік қозғалысын реттеудің кешенді жоспарына сәйкес жүзеге асуда. Нәтижесінде аталған көшелердің көлік өткізгіштік деңгейі екі есеге артпақ. Жолайрықтың техникалық сипатына орай Бәйдібек би даңғылында 700 метр, Арғынбеков көшесінде 921 метр көше аралығы құрылыс аумағына енген. Жоба бойынша ені 80 метрлі төрт-алты жолақты автомагистраль салынып, жол жиегіне жаяу жүргіншілер және веложол төселмек. Қазіргі уақытта аталмыш құрылыс нысанында Арғынбеков көшесі бойымен тіреу қабырғаларын орнату жұмыстары жүргізілуде. Ал Бәйдібек би даңғылында көпір өткелі конструкциялары орнатылуда. Естеріңізге сала кетейік, жолайрықтың Бәйдібек би бойындағы көлік қозғалысы шілде айында жабылған болатын. Жоспарға сәйкес, ағымдағы жылдың қыркүйегінде Бәйдібек би даңғылы бойымен солтүстік бағытта көлік қозғалысы жартылай ашылып, оңтүстік бағытта көлік ағыны Арғынбеков көшесінн бұрылып Байтұрсынов көшесіне қарай өтеді. Көлік қозғалысы үшін Арғынбеков көшесіне альтернативті магистралдар ретінде Рысқұлов және Төлеметов көшелері белгіленген.  Ал, Бәйдібек би даңғылына альтернативті көше ретінде Бәйтереков, Шаяхметов және Өтегенов көшелері белгіленген. Жалпы Шымкент қаласында алдағы жылдары қанағаттанарлық автомобиль жолдарының үлесі 80 пайызға артады. Бұл көрсеткішке жету үшін 2025 жылға дейінгі көлік инфрақұрылымын дамытудың кешенді жоспары бекітілген. Осының негізінде жалпы 563 жоба қарастырылған. Кешенді жоспар аясында биыл шаһарда 348 шақырым жол жөндеу жүргізіліп, жыл соңына дейін оның 271 шақырымнан астам жол пайдалануға беріледі.