ҚЫЗЫЛШАНЫ АЛДЫН АЛУДЫҢ ЕҢ ТИІМДІ, СЕНІМДІ ӘРІ БАЛАМАСЫЗ ЖОЛЫ – ВАКЦИНАЦИЯ

91
0
Қызылшаға қарсы егу – вирусты жасанды жолмен тоқтату, нәтижесінде ағза өзін тұрақты қорғайтын иммунитет қалыптастырады. Бұл туралы ақпараттық коммуникациялық орталығы алаңында өткен баспасөз брифингінде Шымкент қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің инвекциялық және паразиттік ауруларды эпидемиологиялық бақылау бөлімінің басшысы Жанаргүл Жақсылықова айтты. 
Қызылшамен ауырған адамның иммунитеті өмірінің соңына дейін болады және егілмейді. Сондықтан қызылшаның алдын алудың ең тиімді, сенімді және баламасыз жолы – вакцинация. ҚР ұлттық егу күнтізбесіне сай ең алғашқы вакцинация дені сау кезінде балаларға 12-15 айлығында, екіншісі 6 жаста жасалады. Қызылшаға қарсы қосымша егулер эпидемиологиялық көрсетіліммен:
— науқаспен байланыста болған қызылшаға қарсы егілмеген немесе егуі туралы мәліметі жоқ, осы аурумен ауырмаған 30 жасқа дейінгі адамдарға;
— 55 жасқа дейінгі медициналық жұмыскерлерге және өз қалауымен 30 жастан асқан адамдарға салынады.
Айта кету керек, қызылша ауруы суық тию белгілерімен басталады: дене қызуының 38-40 градусқа көтерілуі, әлсіздік, тәбеттің болмауы, құрғақ жөтел, мұрынның бітуі. Кейінірек конъюктивит (көздің шырышты қабығының қабынуы), беттің шырышты қабығында (азу тістерінің тұсында) ұсақ ақ дақтар пайда болады. Аурудың 3-5-күні ашық түсті бір-біріне өзара ұқсас дақтар пайда болады. Ең алдымен олар құлақтың артында және маңдайда, содан кейін тез арада бет, мойын, дене және аяқ-қолға таралады. Ұсақ қызғылт дақтар тез арада үлкейіп, формасын өзгертіп, бір-біріне қосылады. Бөртпелердің қалың шыққан кезеңінен 2-3 күн өткеннен кейін дене қызуы 40,5 градусқа қайта көтерілуі мүмкін. Бөртпелер 4-7 күн сақталады. Дақтардың орнында қоңыр пигменттер қалады, олар 2 аптадан кейін кетіп, тері қайта таза болады. Аурудың ең көп тараған түрі ортаңғы құлақтың қабынуы (отит), соқырлық, бронхтық пневмония, мойын лимфотүйіндерінің қабынуы, ларингит, энцефалит. Әрбір адам суық тиіп мазасызданған сәттен бастап, дер кезінде дәрігерді үйге шақыртып, тексеріліп-қаралу керек. Бұл уақтылы диагноз қойып, ем тағайындап және ұйымдасқан ұжымда тіркелген жағдайда ауру ошағын бұғаттап, әрі қарай таралуына жол бермеуге алдын алу іс-шараларын жүргізу үшін маңызды.