ЖОЛ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮЙЕЛІ ЖҮРГІЗІЛУДЕ
Өңірлерді байланыстыратын күре жолдың да, ауыл-ауылға қатынайтын қара жолдың да жанға жайлы болғаны қандай жақсы. «Жол азабын жүрген біледі» дегендей, Шымкент қаласында шешімін күткен күрделі мәселелердің бірегейі автокөлік жолдарының жайы болатын. Десе де аталған бағытта қыруар іс қолға алынған. Саралайық…
Шымкентте биыл жол инфрақұрылымын дамыту үшін 352 шақырым көшеде жол құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін 283,8 шақырымын пайдалануға беру жоспарланған. Қала әкімі Мұрат Әйтенов құрылыс нысандарын аралап, жұмыс барысымен танысты. 1-кезеңге сәйкес Өтегенов көшесінің жалғасы “Шымкент Сити” шағын ауданынан Сырым батыр көшесі аралығын қамтиды. Кезеңнің жалпы ұзындығы 970 метр, ені — 28 метр. Жолдың жүріс бөлігі 4 жолақты. Қазіргі таңда, автомобиль жолына жер негізін жасау және тығыздау жұмыстары атқарылды. Сонымен қатар, асфальтбетон қабатын төсеу жұмыстары жүргізілуде. 2-кезең бойынша Өтегенов көшесі жалғасының құрылысы Сырым батыр көшесі мен Төлеметов көшелері аралығын қамтиды. Жолдың ұзындығы — 970 шақырым, ені — 23,5 шақырым. Автомобиль жолында 4 жолақты жүріс бөлігі қарастырылған. Айта кетейік, құрылыс жұмыстары 2021-2023 жылдар аралығына жоспарланған. Бұдан бөлек, шаһар басшысы тағы бірнеше нысанға барды. Қазіргі уақытта Шымкент қаласындағы Ақжайық шағын ауданында орналасқан Ақжирен, Тайқоңыр, Сәйгүлік, Самғау, №10 Сәйгүлік жалғасы көшелерінде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Аталмыш шағын аудан бойынша жалпы ұзындығы 2,5 шақырым жол жөнделеді. Қазіргі таңда Тайқоңыр, Сәйгүлік, Самғау, Ақжирен көшелерінде жол негіздемесі және асфальтбетон жамылғысы төселіп, аяқжол орнату жұмыстары жасалуда. №10 және Сәйгүлік көшесінің жалғасында асфальтбетон жамылғысының бірінші қабаты төселіп, екінші қабаты төсеу жұмыстары атқарылуда. Айта кету керек, биыл қалаға қарасты шағынаудандар мен елді мекендердің жол құрылысына аса қатты мән беріліп жатыр. Нәтижесінде бірқатар ішкі орамдық көшелерге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, асфальт төселуде. Мұның өзі қаладағы жақсы және қанағаттанарлық көшелер үлесінің артуына сеп болып отыр.