ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА БИЗНЕСТІҢ МҮМКІНДІГІ ЖОҒАРЫ
Қазіргі таңда мемлекет тарапынан жергілікті әкімдерге қойылып отырған бірінші талап кәсіпкерлікті дамытып, жұмыс орындарын ашу, жергілікті салық базасын ұлғайту және қоғамдық саяси тұрақтылықты сақтау болып отыр. Осы бағытта үшінші мегаполисте бірқатар игі бастамалар көтеріліп, жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, саладағы қызмет көрсету ісі цифрлық жүйеге көшті. Мұның өзі кәсіпкерлердің уақытын үнемдеп, жұмысын жүйелі етуде. Нәтижесінде қаладағы кәсіпкерлік салада бірқатар оң өзгерістер байқалып отыр. Тарқатайық…
Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өнеркәсіп 10,1%, өңдеу өнеркәсібі 11,1%, инвестиция 19,5%, шағын және орта бизнес субъектілері 26,4 %, бөлшек сауда 14,9 пайызға өскен. Биыл өнім көлемі 856,9 млрд. теңге болады деп жоспарланған. 2022-2026 жылдар арасында 228 инвестициялық жоба жүзеге асырылатын болса, соның 50-і биылғы жылдың үлесінде. Оның ішінде инвестиция көлемі 52,8 млрд теңгені құрайтын 16 өнеркәсіптік жоба бар. Өңірлер арасында іс-әрекеттегі шағын және орта бизнес саны бойынша Шымкент алғашқы орында. Жалпы өңірлік өнімдегі шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі бойынша үшінші орында, шағын және орта кәсіпекрлікте қызмет ететін адам саны бойынша төртінші орында болса, шағын және орта кәсіпкерліктің өндірілген өнім көлемі бойынша алтыншы орынға тұрақтаған. Шаһар басшысы саладағы жұмысты жетілдіре түсу мақсатында алдағы жылдары жоспарға қойылған жобаларды кеңінен зерделеуді, индустриалды аймақтардағы кәсіпкерлік нысандарына талдау жүргізуді, өндірістік парктердің тиімділігіне талдау жасауды, көшпелі сауда орындарын бақылауға алуды тапсырған болатын. Ол бойынша да тиісті шаралар қабылданып, жұмыс істеліп келеді. Шымкент қаласы инвестиция тарту бойынша еліміздегі көшбасшы өңірлердің қатарына кіреді. Қалада қазіргі уақытта жаңа индустриалды аймақтар ашу бойынша қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бүгінде инженерлік инфрақұрылым тартылып жатқан индустриалды аймақта болашақта бірқатар кәсіпорындар ашылмақ. Мұның өзі екі қолға бір күрек таппай жүрген мыңдаған азаматты тұрақты жұмыспен қамтуға сеп болмақ. Бұдан бөлек, мемлекеттік бағдарламалардың арқасында кәсібін ашып, нәсібін тауып отырған азаматтардың саны да уақыт өткен сайын артып келе жатыр. Азаматтарға кәсіптің қыр-сырын үйрету бағытында да ауқымды бастамалар көтеріліп келе жатыр.