ШЫМКЕНТТЕ «5-20-25» БАҒДАРЛАМАСЫ БОЙЫНША 600-ДЕН АСТАМ БАСПАНА БЕРІЛМЕК

115
0
Биыл Шымкентте «5-20-25» бағдарламасы бойынша 600-ден аса азамат несиелік баспанаға қол жеткізеді, деп хабарлайды Uakit.kz.
Шымкент қаласында биыл «5-20-25» кредиттік тұрғын үй бағыты бойынша 624 азаматты тұрғынжаймен қамтамасыз ету жоспарланған. Аталған бағдарлама бойынша тұрғын үйлердің конкурсы кезең-кезеңімен Отбасы банк арқылы жүргізіліп, қазіргі таңда 422 азамат несиелік баспанаға қол жеткізді. Сонымен қатар іріктеуден өткен 56 пәтер иесімен келісім шарт түзілуде.
«5-20-25» бағдарламасы Отбасы банк арқылы 25 жылға рәсімделіп, 20% бастапқы жарнасымен жылдық 5%-бен ипотекалық займ ұсынылады. Бұл бағдарлама бойынша тұрғын үй алуға, тұрғын үй кезегіне тіркелген барлық санаттағы азаматтар сонымен қатар әскерилер, мемлекеттік қызметкерлер мен бюджеттік сала қызметкерлері үміткер бола алады.
Айта кету керек, «5-20-25» бағдарламасының талап шарттарына сәйкес, өтініш берушіде және онымен үнемі бірге тұратын отбасының әрбір мүшесіне ағымдағы қаржы жылына заңнамада белгіленген айына ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,7 көрсеткішінен аспайтын, яғни соңғы 6 (алты) ай ішінде орташа табысы (138 340 теңгеден) аспауы тиіс. Аталған шарттарға азаматтардың зейнетақы аударымдары, жеке табыс салығы және өзге де міндетті аударымдар жатпайды.
Айта кету керек, биыл қала бойынша 1 миллион 60 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Оның ішінде 152,5 мың шаршы метрі мемлекеттің қаржыландыруымен салынса, 467,5 мың шаршы метр тұрғын үйдің құрылысын инвесторлар қаржыландырған. Сондай-ақ, 440 мың шаршы метр тұрғын үйді жеке азаматтар салып жатыр. Шымкент қаласы құрылыс басқармасының мәліметі бойынша, биыл қалада «Нұрлы жер» концепциясы аясында мемлекеттік бюджет есебінен 32,5 млрд. теңге бөлінген. Бұл қаржыға жалпы ауданы 239,2 мың шаршы метрді құрайтын 2 972 пәтерлі 51 көпқабатты тұрғын үй бой көтеруде. Аталған 51 үйден 1 880 пәтерлі 33 үйдің құрылысы аяқталады деп жоспарлануда. Атап айтқанда, 19 кредиттік және 14 арендалық тұрғын үй кезекте тұрған азаматтарға тапсырылады. Қазіргі уақытта 49,8 мың шаршы метрді құрайтын 576 пәтерлі 11 тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, тұрғындардың игілігіне берілді. Ал, 1 305 пәтерлі 22 тұрғын үйдің құрылысы жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарланған. Сондай-ақ, 1 092 пәтерлі 18 тұрғын үйдің құрылысы келесі жылға өтпелі.