ШЫМКЕНТТЕ РЕСПУБЛИКА КҮНІНЕ АРНАЛҒАН МЕРЕКЕЛІК ІС-ШАРА ӨТТІ

25 қазан – Республика күні ел тарихындағы ерекше маңызға ие күн. Бұл күн Қазақстан мемлекеттілігінің іргетасы қаланған, егемен ел ретінде жаңа дәуірге қадам басқан тарихи белес болып саналады. Егемендік пен тәуелсіздікті ұлықтайтын бұл мереке биыл да Шымкент қаласында кең көлемде аталып өтіп, елдік рух пен бірліктің мерекесіне айналды.
Мереке қарсаңында Шымкент қаласы Еңбекші ауданында салтанатты концерттік іс-шара ұйымдастырылды. Аудан әкімдігі өткізген бұл мерекелік жиын қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше көңіл-күй сыйлады. Бағдарлама аясында отансүйгіштік пен елдік рухты дәріптейтін түрлі мәдени және музыкалық қойылымдар ұсынылды. Іс-шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен ашылып, сахнада облыстық филармонияның танымал әртістері мен би топтары өнер көрсетті. Көрермендер ұлттық және заманауи өнерді үйлестірген әсерлі нөмірлерді тамашалап, еліміздің тәуелсіздік тарихын өнер тілімен сезінді. Концерт барысында әрбір қойылым Республика күніне тән рух пен патриотизмді айқын көрсетті. Мерекелік жиында Еңбекші ауданының әкімі Досбол Есілбек құттықтау сөз сөйлеп, ел дамуы мен бірліктің маңыздылығына тоқталды. «Республика күні – мемлекеттігіміздің бастауы, ел болудың нышаны. Бұл мереке әр азаматтың жүрегінде отаншылдық рух пен елге деген сүйіспеншілікті арттырады. Осы тұста, елдің дамуына, ауданның өркендеуіне үлес қосып жүрген әрбір еңбек адамына алғыс білдіремін» деді аудан басшысы өз сөзінде. Кеш барысында ел дамуына сүбелі үлес қосқан азаматтар марапатталып, олардың еңбегі лайықты бағаланды. Ауданның әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына үлес қосқан 15 сала үздігі — білім, денсаулық сақтау, құқық қорғау, коммуналдық және мәдениет салаларының қызметкерлері Алғыс хаттармен марапатталды. Бұл марапаттар еңбек адамдарын жігерлендіріп, олардың қоғам өміріндегі маңызды рөлін атап өтті.
Марапат иелерінің бірі, «Үздік мұғалім» атағына ие болған Салтанат Сеңгірбаева бұл күннің ерекше мәнін атап өтті. Нақтырағы «Бүгінгі марапат – тек менің емес, шәкірттерімнің еңбегінің нәтижесі. Ел ертеңі – білімді ұрпақ. Сондықтан бізге артылған сенімді ақтау – үлкен жауапкершілік. Республика күні – әрбір қазақстандықтың жүрегінде отансүйгіш рухты оятатын ерекше мереке» деді ол. Іс-шараның соңында сахна төрінде патриоттық әндер мен би қойылымдары орындалып, көрермендер мерекелік кешті көтеріңкі көңіл күймен қарсы алды. Ән мен бидің, қуаныш пен мақтаныштың тоғысқан бұл кеші ел бірлігінің, егемендіктің және тәуелсіздіктің нышанына айналды. Республика күні – халқымыздың азаттығы жолындағы күрес пен жеңістің, бірлік пен ынтымақтың символы. Бұл мереке – әр азаматтың ел тағдырына деген жауапкершілігін сезіндіретін, мемлекеттіліктің қадірін ұғындыратын ерекше тарихи күн. Егемен ел болу – ұлттың ұлы мақсаты, ал оны сақтау мен нығайту – баршаның ортақ парызы. Шымкенттегі Еңбекші ауданында өткен бұл мерекелік шара елдік пен рухты, тәуелсіздік пен бірлікті дәріптеген жарқын оқиға болды. Кештің әрбір сәті қатысушылардың жүрегінде мақтаныш сезімін оятып, болашаққа сеніммен қарауға жол ашты. Республика күні осылайша елдікті ұлықтап, отансүйгіш ұрпақтың санасына тәуелсіздіктің мәңгілік құндылығын сіңірген мерекеге айналды.



