«ҚЫС-2022»: КӨШЕНІ СУ БАСТЫ

102
0

Бүгін Түркістан қаласындағы «Отырар» мөлтекауданындағы жерастымен жүргізілген су құбыры жарылды. Апаттың салдарынан тұтас мөлтекаудан тұрғындары ауыз сусыз қалды. Жарылған құбырдан көше бойларын су басты. Тұрғындардың тіршілігі бұзылды. Орын алған апат туралы қаладағы 112 пультіне хабарлама жіберілді. Келіп түскен хабарлама бойынша құтқарушылар, шаһар тіршілігін қамтамасыз ететін мекеме өкілдері мен арнайы мамандар оқиға орнына жедел жетті. Құбырларға су жіберетін орталық кран жабылды. Өрт сөндірушілер көшеге жиналған суды арнайы құрал мен техника көмегімен айдады. Жарылған құбыр жөнделіп, көп ұзамай абоненттерге су берілді.

Бұл Түркістан қаласында өткен «Қыс-2022» республикалық командалық оқу-жаттығуы кезіндегі кезекті сценарий оқиғасы.

Ауқымды іс-шара аясында  азаматтық қорғау саласында қызмет ететін инспекторлардың біліктілігі, құтқарушылардың тәжірибелік дағдысы шыңдалды. Сонымен қатар жергілікті атқарушы орган мен шаһар тіршілігін қамтамасыз ететін коммуналдық қызметтердің күштері мен қырда тұрған техникаларының  қысқы кезеңнен өтуге дайындығы пысықталды.

Республикалық командалық штабтық оқу-жаттығу шарасына 118 адам мен 41 техника жұмылдырылды.

Оқу-жаттығу кезінде шартты түрдегі жағдай бойынша құтқару жұмысына жұмылдырылған команданың 5 техногенді апат бойынша кәсіби дағдылары сыналды.

Оқу-жаттығу барысында зардап шеккендер болмады.