«ҚЫС-2022»: АБОНЕНТТЕР ЖАРЫҚҚА ҚАЙТА ҚОСЫЛДЫ

108
0

Бүгін Түркістан қаласында «Қыс-2022» республикалық командалық оқу-жаттығуы өтті. Ауқымды іс-шара аясында  азаматтық қорғау саласында қызмет ететін инспекторлардың біліктілігі, құтқарушылардың тәжірибелік дағдысы шыңдалады.

Шараға Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаменті мен Түркістан қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының басшылары қатысты.

Оқу-жаттығу сценарийі бойынша таңғы сағат 08.00-де «Дабыл-1001» сигналы берілді. Сценарий бойынша республикалық командалық штабтық оқу-жаттығу шарасына 118 адам мен 41 техника жұмылдырылды.

Шартты түрдегі жағдай бойынша құтқару жұмысына жұмылдырылған команда техногенді апат орын алған мекенжайға баруға тас-түйін дайын отыр.

Қаһарлы қыс. Сырттағы  сынап бағанасы -30 °C көрсетіп отыр. Қалың жауған қар мен қатты желден коммуналдық мекемелерде бірқатар апаттар орын алуда. Әлгінде ғана мыңдаған абонентке жылу жеткізетін қаладағы орталық қазандықтағы ақауды реттеп келген құтқарушылар келесі хабарлама бойынша тиісті мекен жайға бет алды.

Бұл жолы 112 пультіне қаладағы «Отырар» мөлтекауданындағы трансформаторларда қысқа тұйықталу болғаны хабарланды. Апат салдарынан мөлтекаудандағы көпқабатты тұрғын үйлер жарықсыз қалды. Арнайы мамандар  апаттың себебін анықтап, жағдайды реттеді.  Содан соң абоненттер  электр жарығына қайта қосылды.

Оқу-жаттығу барысында зардап шеккендер болмады.