БӨТЕН ИТКЕ ЖАҚЫНДАМА!

106
0

Адамдарға құтыру ауруына қарсы екпелер тегін жасалады,-деп хабарлайды uakit.kz Түркістан облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне сілтеме жасап.

Құтыру – бұл аса қауіпті жіті вирустық жұқпалы ауру.  Ауруға қарсы күрес шаралары күн тәртібінен түспейді. Себебі дерт аса жұқпалы. Профилактикалық шаралар қатаң сақталмаса, таралу аумағы тез ұлғайып, жергілікті жерде тұрақсыз эпидемиялогиялық ахуал тудыруы әбден мүмкін.

Құтыру сирек кездесетін ауру болғанымен адам үшін абсолютті летальды инфекция. Дүние жүзінде құтурудан жыл сайын 50 мың адам өлімге ұшырайды және 1 млн. жануар өледі. ​​​​​​

Вирусты тасымалдаушыларға жыртқыш аңдар: қасқыр, түлкі, қарсақ, шибөрі және үй жануарлары жатады.Үй жануарлары инфекцияны ауырған жабайы аңдармен жанасу кезінде жұқтырады. Құтыру вирусымен ауыратын жануар сау адамды тістеп алғанда немесе терінің зақымдаған жеріне олардың сілекейі түскен кезде вирус ағзаға жұғады.

Вирус ағзаға енгеннен кейін, алғашқы белгілерінің білінуі 10 күннен 1 жылдан артық уақытқа созылуы мүмкін, ұзақтығы тістелген орынға байланысты.

Құтыру ауруының емі жоқ алайда алдын алуға болады. Құтырудың алдын алу мақсатында құтыру вирусымен ауыратын жануар сау адамды тістеп алғанда барлығы құтыруға қарсы екпе курсын алу үшін тұрғылықты жері бойынша травматологиялық пункттерге медициналық көмекке қаралуы керек. Әрбір адамды өлімнен құтқарудың жалғыз әдісі — жүйелі құтыруға қарсы екпе алу екенін білу қажет. ​​​​​​​​​​​​​​​

Өз денсаулықтарыңыз өздеріңіздің қолдарыңызда екенін ұмытпаңыздар! Құтырма ауруын болдырмау үшін мынадай сақтық шараларын сақтаған жөн. Ит пен мысықты ұстау ережесін сақтау және де итті аулада байлаулы күйде ұстау. Балаларға бөтен ит, мысықтарға жақындап ойнамауды түсіндіру керек. Үйдегі ит, мысық және ауылшаруашылық малдарын құтырмаға қарсы екпеден өткізу. Егерде сіздің итіңізді бөтен жануарлар тістеп алған болса, оған жақындамауға және жануарларыңыздың мінез-құлқы өзгерсе, ветеринарлық дәрігерді шақырту қажет.

Өз денсаулықтарыңыз өздеріңіздің қолдарыңызда екенін ұмытпаңыздар!