ОЙЫН АЛАҢШАЛАРЫ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

103
0

Шымкент қаласында халық санының жоғары қарқынмен өсуімен қатар, балалар ойын алаңшасына деген сұраныс артуда. Жайлы орта қалыптастыру бағдарын ұстанған үшінші мегаполистің Жаңаталап тұрғын алабында 2 ойын алаңшасы ел игілігіне берілді.

Жұмыс барысымен танысқан қала басшысы, ойын алаңшасына орнатылған құрылғылардың сапасын тексеріп, қосымша жұмыстар бойынша мердігер мекеме және тиісті сала басшыларына тапсырмалар жүктесе, тұрғындардан өз алаңшаларын күтіп ұстауды өтінді. Айта кету керек, Шымкент қаласына қарасты шағынаудандар мен елді мекендердің мәселелері кезең-кезеңімен шешіліп келе жатыр. Мәселен, өткен оқу жылында Тұран шағынауданында №79 жалпы орта мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Балалар 1200 орындық білім ордасында екі ауысыммен оқиды. Бұл мектеп типтік негізде салынған, ашық спорт алаңшасы бар. Ал бөбекжайлар мен балабақшалар мемлекеттік жан басына қаржыландыру негізінде жекеменешік нысандардың көмегімен жүзеге асырылып отыр. Жаңа шағынаудандағы қуанышты жаңалық жаңа білім ұясы ғана емес. Көпқабатты үйлердің ауласына бүлдіршіндерге арналған ойын және спорт алаңшалары да салынған. Мәселен, 192 орамдағы 16 көп қабатты үйдің алдына 8 кешен орналасқан. Яғни әр 2 көпқабатты үйдің балалары өз ауласынан алыстамай, ата-анасының көз алдында ойнайды. Сондай-ақ игі іс биыл да жалғасын тауып жатыр. Қаратау аудандық қоғамның орта сапасын дамыту бөлімінің бас маманы Спандияр Ораловтың айтуынша, жыл соңына дейін тағы 4 ойын және спорт алаңшасы бар кешен ел игілігіне берілмек.«Тұран күн санап түрленіп келе жатыр. Шағынауданға алғашқылардың бірі болып қоныстандық. Ол кезде жол, қоғамдық көлік сынды мәселелер шешілмеген еді. Қазіргі уақытта мұндай проблемалар шешілген. Әсіресе, балалар үшін ауламызда ойын алаңшаларының ашылып, тренажерлердің орнатылуы қуантып жатыр. Кішкентай бүлдіршіндеріміз көз алдымызда ойнап, жасөспірім ұлдарымыз бұқаралық спортпен айналысып, шынығып жүр. Осындай жайлы ортада өсіп келе жатқан бүлдіршіндеріміз бақытты. Келешекте шағынауданда саябақ, аллея сынды демалыс орындары ашылып, мұнан да көркейе түсер деген сенімдеміз» дейді шағынаудан тұрғыны Ұ.Сыпатаева. Алдағы уақытта да көптің игілігі үшін атқарылатын жұмыстар әрі қарай жалғаса беретінін айрықша айта кеткен жөн.