ЕРЕКШЕ КҮТІМДІ ҚАЖЕТ ЕТЕТІН БАЛАЛАРДА ОҢ ӨЗГЕРІСТЕР БАЙҚАЛУДА

66
0

Шымкент қаласында «Аялық алақан» оңалту орталығы 100-ден аса ерекше күтімді қажет ететін балаларға әлеуметтік қызмет көрсетуде, деп хабарлайды Uakit.kz.
Туа сала тағдыр тауқыметін тартқан мұндай жеткіншектер арнайы мамандардың көмегіне аса зәру. Орталықта мемлекет қамқорлығына мұқтаж 3-18 жас аралығындағы жасөспірімдерге — тұрмыстық, медициналық, психологиялық, педагогикалық, құқықтық көмек көрсетіледі.
Балаларды өмірге бейімдеуге бағыттылған ем-дом шараларының, педагог-психолог, дефектолог, логопед мамандарының қарқынды жұмысының нәтижесінде балалардың дамуында оң өзгерістер байқалуда. Мәселен, 11 қызмет алушының — тірек қимылында өзгеріс орын алып, ауыз қуысына жасалған массаждың әсерінен, жұтқыншақтың жұтыну жұмысы 1 балада жақсарған. Сөздік қоры көбейген қызмет алушылар саны 6-ау болса, ұсақ қол маторикасы реттеліп, дауысты дыбыстарды айта бастағандар саны – 4-ке жеткен. Яғни, тұрақты түрде жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде балалардың музыка ырғағын сезуі, әуенге қосылып ән салуы, ыңылдауы, жаңа дыбыстарды шығаруында оң көрсеткіштер бар.
Сондай-ақ, қызмет алушылардың ата-аналарымен кері байланысты орнату мақсатында жоспарлы түрде тренингтер ұйымдастырылып, балалардың сауығуы үшін шыдамдылықпен қолдау көрсетудің маңыздылығы түсіндірілуде.
Бұдан бөлек, Шымкентте мүгедектігі бар әрекетке қабілетті азаматтарға ақпараттық-консультациялық, әлеуметтік, құқықтық және психологиялық қолдау көрсететін “Тең қоғам” орталығы жұмыс істейді. Әлеуметтік мекемеде мүгедектігі бар азаматтар бос уақытын тиімді пайдалана алады және компьютерлік сауаттылығын ашуға мол мүмкіндіктері бар. Сондай-ақ мұнда арнайы жабдықталған 300-ге тарта кітап қоры бар. Зағиптарға арналған оқу машинасы және Брайль әліпбиі негізінде жазылған көркем шығармалар жинағы да топтастырылған. Орталық 2021 жылы іске қосылған «Әлеуметтік порталмен» қолдану жолдарын үйретеді және «Инватакси» мен «Әлеуметтік таксиге» қатысты барлық ақпаратты ұсына отырып, «Бір терезе» қағидасымен 5 бағытта қызмет көрсетуде. Мәселен, әлеуметтік такси қызметіне 791 адам жүгінсе, 1045 азамат санаторий-курорттық емделуге жолдама алған, ал 564 адам инватакси қызметін пайдаланған. Жалпы жыл басынан бері 8216 мүгедектігі бар азаматқа қызмет көрсетілген.