БАЛКОНДА КӘУӘП ПІСІРМЕ
Түркістан қаласы күн сайын қанатын кеңге жайып келеді. Облыс орталығы болған төрт жылдан бері қалада көпқабатты үйлер салынып, қоныстой көбейді. Бұл әрине жақсы.
Төтеншеліктер көпқабатты үйдегі әрбір пәтерде өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталуын ескертеді. Жылыту маусымы басталған уақыттан бері Түркістан қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы арнайы мамандармен бірге пәтер тұрғындарына өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді.
Өз кезегінде төтеншеліктер көпқабатты тұрғын үйде бір азаматтың өрт қауіпсіздігі ережесіне салғырт қарауының кесірі тек өзіне емес, өзгелерге де зардабын тигізуі мүмкін екенін алға тартады. Сол үшін де өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Және де балкондарда отшашу қолданып, кәуап пісіруге болмайтынын, бұл заң талаптарына қайшы екенін ескертеді.
Бұған дейін еліміздің бірқатар өңірінде тұрғындардың балкондарда кәуап пісіру жағдайлары орын алған. Басқа тұрғындардың өміріне қауіп төндіргені үшін оған жол берген азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылған болатын.