ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТУРИСТІК ӘЛЕУЕТІ АРТУДА
Шымкент қаласының туристі әлеуетін артыру мақсатында ағымдағы жылы бірқатар шаралар атқарылып, бүгінде Республикадағы барлық өңірлерімен салыстырғанда қалаға келген туристер саны бойынша Шымкент қаласы 3 орында, деп хабаралайды Uakit.kz.
Осы ретте, «Наурыз» және «Қала күні» мерекелеріне орай Шымкенттің гастрономиялық туризм орталығы ретінде имиджін қалыптастыру мақсатында «Damdastour» және «Balmuzdaq Fest» фестивальдері өтті. Аталған шараларға барлығы 60 жуық қоғамдық тамақтану орындары қатысып, 30 мыңнан аса қала тұрғындары мен қонақтары қамтылды. Аталған шаралардың қарсаңында «Бақытты қалаға саяхат» байқауы ұйымдастырылып, «Наурыз» мерекесіне Ақтау қаласының тұрғыны, ал қала күніне Катар елінің азаматы Шымкент қаласына жолдама ұтып алды. Жеңімпаздар жоғарыда аталған гастрономиялық іс-шараларға қатысып, жағымды әсер алды.
Сонымен қатар, маусым айында «Visit Shymkent» туристік-ақпараттық орталығының бастамасымен және «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ қолдауымен түркітілдес мемлекеттердің туристік орталықтарының тұңғыш конференциясы өтті. Аталған шараға Өзбекстан Республикасының Туризм министрлігі мен өңірлік туризм департаменттері, Қазақстанның 7 өңірінің туристік орталықтарының басшылары мен онлайн режимде Қырғызстан, Әзірбайжан және Тәжікстан елдерінің өкілдері қатысты. Шара нәтижесі бойынша түркітілдес елдердің туристік-орталықтарын біріктіру және Шымкент қаласын орталықтардың штаб-кеңсесі ретінде бекіту туралы шешім қабылданды.
Жалпы жыл басынан бері «Мобильді арбат» іс-шарасы 2 рет, Қазақстанның өзге өңірлерінің қатысуымен «Мото маусымының ашылуы», «National Geographic» компаниясымен бірлесе «Explore Zhana Qazaqstan: Ontustik» экспедициясы ұйымдастырылды. Сонымен қатар, Шымкенттің туристік мүмкіндіктерін өзге өңірлерде және шет елдерде жарнамалау мақсатында жыл басынан бері қала делегациясы мен бизнес-қауымдастығы бірқатар көрмелер мен іс-шараларға қатысты. Атап айтқанда, сәуір айында Алматы қаласында өткен еліміздегі ең ірі «KITF» туристік көрмесіне қатысты. Көрмеге 18 елден 211 компания қатысты және нәтижесінде ынтымақтастық туралы 5 меморандумға қол қойылды. Сонымен қатар, көрменің 20 жылдығына орай Шымкент қаласы «Best of the best», яғни «Үздіктердің үздігі» номинациясын иеленді.
Ал маусым айында Доха (Катар) қаласында өткен «Qatar hospitality» және Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Qazaqstan Life fest» халықаралық көрмелеріне қатысты. «Qatar hospitality» көрмесіне 30-дан астам мемлекеттен 200-ге жуық компания қатысты. Аталған көрмелер өңір және бизнес үшін өзін жарнамалап, тәжірибе алмасуға, пайдалы байланыстар орнатуға таптырмас алаң болып табылады.