БАСТАМА ЖЕМІСТІ НӘТИЖЕСІН БЕРУДЕ

96
0

Шымкент қаласында «Іскер қала» жобасының бірінші бағыты бойынша өндіріс саласында қалада тоқтап тұрған немесе бос тұрған ғимараттарды пайдалану жоспарланған. Яғни өндірістік ғимараттарды парктер тізіміне енгізіп, жалға алу шығындарының бір бөлігін өтеу қарастырылған. Осының негізінде Шымкентте қаңырап бос тұрған нысандар енді бизнес орталыққа айналады.

Мұның жалға берушіге де, алушыға да пайдасы орасан. Қазірдің өзінде «Іскер қала» пилоттық жобасы жүзеге асып, өз жемісін беруде. Осы және өзгеде жаңашылдықты Шымкент қаласының кәсіпкерлік, индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Береке Дүйсебеков баспасөз брифингінде баяндады.  Шымкентте өнеркәсіп өнімінің көлемі ағымдағы жылғы қаңтар-қыркүйек айларында 666,4 миллиард теңгені құраған. Бұл өңдеу өнеркәсібінің 8,1 пайызға, электр, газ және бу беру саласы 1,8 пайызға өсуі есебінен қалыптасты, ал кен өндірісі 14,4 пайызға, сумен жабдықтау саласы 16,3 пайызға төмендеген. Сонымен қатар, 2022-2026 жылдар жалпы құны   2,6 триллион теңгені құрайтын 20 мыңнан аса жаңа жұмыс орнымен 283 инвестициялық жобаның пулы жасақталған. «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы шеңберінде биылғы жылға 1,5 миллиард теңге бөлінген. «Атамекен» микроқаржы ұйымы арқылы 1,3 миллиард теңгеге 129 жобаға шағын несиелер берілді. Несиелердің басым бөлігі сауда және қызмет көрсету салаларында. Сонымен қатар, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мақсатында Жастар мен әйелдер кәсіпкерлігін 1  пайызбен 10 миллион  теңгеге дейін, өндірістік алаңдарының қатысушыларына жылдық 2 пайызбен 50 миллион теңгеге дейін жеңілдікпен несиелер ұсыну көзделген.  Мегаполисте ретсіз саудамен күрес жалғасуда. Жыл басынан қала аумағында Қазақстан Республикасының Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы Белгiленбеген орындарда сауда жасау , яғни 204-бабына сәйкес, 3943 хаттама толтырылды, оның ішінде 3039 ескерту, 904 айыппұл, 11,8 миллион теңгеден астам айыппұл салынған.