ДӘНЕКЕРЛЕУ ЖҰМЫСТАРЫН ЖҮРГІЗУ КЕЗІНДЕ ӨРТ ҚАУІПСІЗДІГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ТӘРТІБІ

Дәнекерлеу және ашық отты қолданумен байланысты жүргізілетін басқа да жұмыстар өрт қауіпсіздігі  ережелерiне сәйкес орындалуы тиіс.

Дәнекерлеу және отпен жүргізілетін басқа да жұмыс орындарын:

— осы мақсатта арнайы жабдықталған цехтарда, шеберханаларда немесе ашық алаңдарда ұйымдастырылатын тұрақты орындармен;

— салынып жатқан немесе қайта жаңартылып жатқан ғимараттарда, тұрғын үйлерде және басқа да құрылыстарда, кәсiпорын аумақтарында жабдықты жөндеу немесе құрылыс монтаждау мақсатында жүргізілетін уақытша орындармен қарастыру қажет.

От жұмыстарын тұрақты жүргiзу орындары 10 бекеттен (дәнекерлеу және кесу шеберханалары) артық ұйымдастырылған кезде орталықтандырылған электрмен және газбен жабдықтау көзделеді.

Дәнекерлеу шеберханасында 10-нан аспайтын дәнекерлеу бекеттері болған жағдайда әрбiр бекет үшiн оттегi және жанғыш газы бар бiр қосалқы баллоннан болуға жол беріледі. Қосалқы баллондар жанбайтын материалдардан жасалған қалқандармен қоршалады немесе шеберханаларға арнайы жапсарлас құрылыстарда сақталады.

Тұрақты дәнекерлеу жұмыстарын жүргiзу ұйымдастырылған үй-жайлардағы едендер жанбайтын материалдардан жасалады. Бөлшектердi алдын ала қыздырмастан дәнекерлеу жүргiзiлетiн үй-жайларда жанбайтын негiзде ағаш бөренелi едендер орнатуға болады.

Дәнекерлеу және басқа да от жұмыстарын белгiленген тәртiппен өрт-техникалық минимумнан өткен және өрт қауiпсiздiгi ережесiнiң талаптары бiліктілігіне сынақ тапсырған адамдар жүргiзедi.

Ашық алаңдар мен арнайы шеберханаларда от жұмыстарын тұрақты жүргiзу орындары кәсiпорын (ұйым) басшысының бұйрығымен анықталады.

Уақытша электрдәнекерлеу және отпен жүргізілетін басқа да жұмыстарды жүргiзу орындары, осы Қағидаларға 12-қосымшаға сәйкес объект басшысының немесе оның мiндетiн атқарушы тұлғаның жазбаша рұқсатымен ғана айқындалады.

Құрылыс алаңдарында және өрт қаупі бар орындарда ұйым басшысының жазбаша рұқсатын алмай от жұмыстарын белгіленген тәртіппен өрт-техникалық минимумынан өткен және өрт қауіпсіздігі қағидаларының талаптарын білуі бойынша сынақ тапсырған тиiстi бiлiктiлiгі бар мамандар ғана жүзеге асырады. Жазбаша рұқсатсыз от жұмыстарын дербес жүргiзуге жiберiлген мамандардың тiзiмiн объектiнiң басшысы бекiтедi.

Уақытша (бiр жолғы) от жұмыстар жүргiзуге рұқсат тек жұмыс ауысымына ғана берiледi. Егер бiрдей жұмысты жүргiзу кезiнде олар бiрнеше ауысым немесе күн бойы жүргiзiлетiн болса, объектiнiң әкiмшiлiгiнен қайта рұқсат алу қажет емес.

Мұндай жағдайларда әрбiр келесi жұмыс ауысымына көрсетiлген жұмыс орындарын қайта тексергеннен кейiн әкiмшiлiк бұрын берiлген рұқсатты растайды, ол жөнiнде тиiстi жазба жазады. От жұмыстарының жүргiзiлуiне уақтылы бақылауды қамтамасыз ету мақсатында осы жұмыстарға рұқсат құрылыс әкiмшiлiгiнен объектiнiң мемлекеттік емес өртке қарсы қызметi, ал жоқ жерлерде оларды жүргiзер күннiң қарсаңында ерiктi өртке қарсы құралымдарға келiп түсуi тиiс.

От жұмыстары жүргiзілетін орындар алғашқы өрт сөндiру құралдарымен (өрт сөндiргiш, құм салынған жәшiк және күрек, суы бар шелек) қамтамасыз етiледi. Объектiде iшкi өртке қарсы су құбыры болған жағдайда от жұмыстары жүргiзілетін орынға өрт крандарынан оқпандары бар өрт сөндіру түтікқұбырлары төселедi. От жұмыстарымен айланысатын барлық жұмысшылар алғашқы өрт сөндiру құралдарын орынды пайдаланады.

От жұмыстарын қауіпсіз жүргiзуді қамтамасыз ететін адам жұмыс орнында өрт сөндiру құралдарының болуын тексередi.

От жұмыстары тұрақты жүргiзуге арналған орындарды өрт қауіпті және өрт-жарылыс қауiптi үй-жайларда орналастыруға болмайды.

От жұмыстарын жүргiзуге қарастырылатын технологиялық жабдық өрт-жарылыс қауiпсiз жай-күйiне:

— өрт-жарылыс қауiптi заттардан босату;

— қолданыстағы коммуникациялардан (от жұмыстарын жүргiзуге дайындық үшiн қолданылатын коммуникациялардан басқа) ажырату;

— алдын ала тазалау, жуу, булау, желдету, жұту және флегматизациялау арқылы келтiрiледi.

От жұмыстарын жүргiзу кезiнде мыналарға жол берілмейді:

— аппаратура ақаулы болғанда жұмысқа кiрiсуге;

— жанғыш бояулармен (лактармен) жаңадан сырланған констукциялар мен бұйымдарда от жұмыстарын жүргiзуге;

— майлардың, бензиннiң, керосин мен өзге де жанғыш сұйықтықтардың iздерi бар киiм мен қолғапты пайдалануға;

— дәнекерлеу кабиналарында киiмдi, тез тұтанатын және жанғыш сұйықтықтар мен өзге де жанғыш материалдарды сақтауға;

— электр сымдарының сығылған, сұйытылған және ерiтiлген газдары бар баллондармен жанасуына жол беруге;

— жанғыш және улы заттармен толтырылған, сондай-ақ қысымы мен электр кернеуi бар аппараттар мен коммуникацияларда жұмыс iстеуге;

— жабынға гидрооқшаулағыш пен буоқшаулағышты орнатумен, жанғыш және жануы қиын жылытқыштары бар панельдердi монтаждаумен, едендердiң төсемдерiн жапсырумен және жанғыш лактарды, желiмдердi, мастикалар мен өзге де жанғыш материалдарды пайдалана отырып, үй-жайларды қаптаумен қатар от жұмыстарын жүргiзуге;

— электрдәнекерлеушi және газдәнекерлеушi (газ кескiшпен) бiр мезгiлде жабық сыйымдылықтар мен үй-жайлардың iшiнде жұмыс iстеуге.

Жанғыш және жануы қиын жылытқыштары бар жеңiл металл конструкцияларынан жасалған ғимараттардың элементтерiнде от жұмыстарын жүргiзуге болмайды.

Салынып жатқан тоңазытқыштарда электрдәнекерлеу жұмыстары жанғыш материалдардан босатылған жамылғы қабаттары жағылған (сылақ, бетон немесе армобетон кергiштерi) және өртке қарсы белдiктерi бар камералар мен бөлiктерде ғана жүргiзiледi.

Қоғамдық және тұрғын үй ғимараттарын күрделi жөндеу және қайта құру кезiнде от жұмыстары жанатын конструкциялардың жануына қарсы және ұшқындардың ұшуына қарсы шаралар қабылданғаннан кейiн орындалады.

Өндiрiстi тоқтатпай күрделi жөндеу және қайта құру кезiнде және от жұмыстарын жүргiзу кезiнде кәсiпорын әкiмшiлiгi осы кезеңге ерікті нысанда өрт қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жоспарын әзiрлейдi.

Өрт шығу қаупi неғұрлым жоғары орындарда, от жұмыстары көлемi көп болғанда, сондай-ақ биiкте жұмыс iстеу кезiнде өрт сөндiру бекеттері (қызмет көрсетушi персонал, өртке қарсы ерiктi құралым санынан) қойылады.

От жұмыстарын 6 баллдан артық қатты жел тұрғанда биiктікте iстеуге болмайды.