БИЫЛ 3 МЫҢНАН АСТАМ ШЫМКЕНТТІК БАСПАНАЛЫ БОЛАДЫ

106
0
Биыл Шымкентте тұрғын үй кезегінде тұрған 3 мыңнан аса азамат баспаналы болады. Бұл туралы қалалық әкімдіктің баспасөз брифингінде тұрғын үй басқармасының басшысы Жанат Утебаева мәлімдеді.
2023 жылы Шымкент қаласы бойынша «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында жалпы саны 3242 пәтер беру жоспарланған. Оның ішінде: 324 пәтер- арендалық бағыттағы кезегі келген халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобы, көпбалалы отбасыларға және жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар санатындағы азаматтарға табысталмақ. Сонымен қатар 111 арендалық пәтермен тұрғын үй кезегіндегі мемлекеттік және бюджеттік ұйым қызметкерлері қамтамасыз етіледі. Сондай ақ 888 арендалық пәтер жұмыс істеп жүрген жастарға берілсе, 1919 пәтер жеңілдетілген несиелік бағыттағы бағдарламалар арқылы азаматтарды баспанамен қамту көзделіп отыр.
— «Жергілікті атқарушы орган тарапынан әлеуметтік әлсіз отбасыларды қолдау мақсатында тұрғын үй сертификаттары қарастырылған. 2023 жылы бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін жалпы сомасы 200 млн тг. теңге тұрғын үй сертификаты қаралып, қазіргі таңда 66 азамат тұрғын үй сертификаты арқылы өз баспанасына қол жеткізді», — деді басқарма басшысы Жанат Өмірсейітқызы
Айта кету керек, Шымкент қаласында тұрғын үйдің жалдау ақысын субсидиялау бойынша 2022 жылы 337 азаматтың өтінімі мақұлданса, 2023 жылы 11 отбасының тұрғын үйін жалдау ақысының 50 пайызы мемлекет тарапынан субсидияланды.