ШЫМКЕНТТЕ 600-ГЕ ЖУЫҚ АЗАМАТТЫҢ ТҰРҒЫН ҮЙ ЖАЛДАУ АҚЫСЫ СУБСИДИЯЛАНАДЫ

71
0
Тұрғын үйдің жалдау ақысын субсидиялауға жолданған 591 азаматтың өтінімі мақұлданды. Оның ішінде 380 азамат пен Отбасы банкі арасында келісім шарт түзіліп, тұрғын үй жалдау ақысының 50 пайызына мемлекет тарапынан төлемдер аударылды.
Субсидия — мемлекет тарапынан төленетін тұрғын үй кезегін күткен азаматтардың жалдамалы пәтерлері арендалық құнының 50 пайыздық ақысы. Бағдарлама талаптарына сәйкес бұл жеңілдікке пәтер кезегіндегі 1 және 2 топтағы мүгедектер, мүмкіндігі шектеулі балалар, оларды тәрбиелеп отырған отбасылар, жетім және ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалар, көп балалы отбасылар өтініш бере алады. Өтініш берушінің отбасыдағы соңғы 6 айдағы табысы адам басына шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінен(яғни 1 КМ=40 567 теңгеден) аспауы тиіс. Азаматтар субсидиялауға қатысты сұрақтары бойынша Отбасы банк кеңесшілеріне жүгіне алады. Айта кету керек, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында несие негізінде «2-10-20», «5-10-20» бағыттары шеңберінде тұрғын үйді сатып алу кезінде ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін азаматтарға  жергілікті атқарушы органның тарапынан тұрғын үй сертификаты тапсырылады. Тұрғын үй сертификатының сомасы әрбір алушы үшін 1 млн (бір миллион) теңгеге дейін бірыңғай мөлшерде айқындалған. Шымкент қаласы бойынша тұрғын үй сертификаттары 2019 жылдан бастап беріле бастады. 2019 жылы 21 азаматқа 20,4 млн.теңгеге, 2020 жылы 101 азаматқа 100 млн.теңгеге тұрғын үй сертификаттары берілген. 2021 жылы 416 отбасыға 370 млн. теңгеге берілсе, 2022 жылы 500 азаматқа 1 млн теңгеге дейін қайтарымсыз негізде бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін әлеуметтік көмек қарастырылған.