БОЗАРЫҚ ШАҒЫНАУДАНЫНДА 183 КӨПҚАБАТТЫ ТҰРҒЫН ҮЙ САЛЫНАДЫ

72
0
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Бозарық шағынауданында болып, елдімекеннің даму жоспарына сәйкес атқарылып жатқан жұмыстарды тексерді. Қаланың егжей-тегжейлі жобалау жоспарында шағынауданнан 183 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы қаралған.
Олардың 65-і мемлекеттік бюджет есебінен салынады. Қазір шағынауданда 16 тұрғын үй бой көтерген, бұл нысандар жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Қалған 49 үйдің құрылысы келесі жылы басталады. Сонымен қатар шағынауданда алдағы уақытта мектеп, емхана салынады. Мұрат Дүйсенбекұлы Бозарық-3 шағын ауданында бой көтеріп келе жатқан спорт кешенінің ғимаратын қарап шықты. Спорт мектебі ауыр атлетикадан олимпиадалық резервін дайындайтын балалармен жасөспірімдердің мамандандырылған спорт мектебінің теңгеріміндегі бос жерде салынуда. 100 оқушыға лайықталған ғимаратта ауыр атлетикаға арналған платформалар қарастырылған. Нысан келесі жылы мамыр айында қолданысқа беріледі. Қала басшысы жауаптыларға шағынауданда салынып жатқан барлық құрылыс нысандарының сапасын қатаң бақылап, жұмыстардың өндірістік кестеге сай орындалуын қадағалауды тапсырды. Бұл ретте техникалық қадағалаушылардың жауапкершілігін арттырып, сапасыздықты алдын алу бойынша бірқатар тапсырмалар берді.
Айта кету керек, қазіргі уақытта Қаратау ауданына қарасты Бозарық шағынауданында бес қабатты тұрғын үйдің құрылысы бітіп, инфрақұрылым жүйелерін тарту жұмыстары тоқтаусыз жүргізілуде. Жуырда шаһар басшысы Мұрат Әйтенов нысан басына арнайы барып, бұған дейін берілген ескертпелердің түзетілгеніне көз жеткізген еді.  Мұнда жалпы ұзындығы 1,4 шақырым электр желісі, 1,2 шақырым газ, 1,3 шақырым ауыз су құбырлары, 0,8 шақырым кәріз жүйесі тартылған. Биыл ауыз мен көгілдір отын тарту жұмысы толық аяқталмақ. Сонымен қатар 2020 жылы басталған жолдардың құрылысы 50%-ға салынды. Қалған жартысы үстіміздегі жылы толығымен бітеді.