МҰРАТ ӘЙТЕНОВ: «ҚАНДАЙ ДА БІР ШЕШІМ ҚАБЫЛДАУДА ХАЛЫҚ ПІКІРІН ЕСКЕРУ ҚАЖЕТ»

78
0
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен өткен мәжілісте аудандарда осы аптада ретсіз сауда мен санитарлық тазалық бойынша атқарылған жұмыстар талқыланды.
Қазір қала аумағындағы тазалық шараларына 300-ден астам адам, 50-ден аса техника жұмылдырылған. Арнайы бригадалар 40-қа жуық секторда жұмыс жүргізуде. Тұрмыстық қалдықтар көпқабатты тұрғын үйлерден күн сайын, жеке секторлардан аптасына 1-2 реттен жиналуда. «Туындаған мәселелерді дер кезінде шешу үшін халықпен тұрақты кездесулер ұйымдастырып, қандай да бір шешім қабылдауда тұрғындардың пікірін ескеріңіздер. Әр ауданда өзекті мәселелер бойынша арнайы мониторинг жүргізіліп отыруы тиіс» — деді қала әкімі. Сондай-ақ Мұрат Дүйсенбекұлы қала тазалығын сақтауда қоғамдық мәдениетті қалыптастыру қажеттігін жеткізді. Сонымен қатар жауаптыларға аудандарда ретсіз саудамен күресті жою үшін рейдтік шараларды жүйелі түрде ұйымдастыруды тапсырды.
Айта кету керек, Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің (Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі) 204-бабына сәйкес, белгіленгеннен тыс орындарда сауда жасау – ескерту жасауға немесе бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін жыл ішінде қайталап жасалған әрекет – он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. Шымкент қаласы әкімінің өкімімен қала аумағындағы ретсіз саудаға мониторинг жүргізу бойынша жұмыс тобы құрылған. Аталған жұмыс тобы қаладағы ретсіз сауда ошақтарында ретсіз сауданы жою мақсатында қала аумағындағы басты көшелерде белгіленбеген орындарда сауда жасаушы тұлғаларға ретсіз сауда қатарын реттеу бойынша тұрақты түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Өткен жылы қала аумағында Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 204-бабына сәйкес, 3943 хаттама толтырылды, оның ішінде 3039 ескерту, 904 айыппұл, 11 843 153 теңге айыппұл салынған.