ҚАЙТАРЫМСЫЗ ГРАНТ АЛҒАНДАР КӘСІБІН ДӨҢГЕЛЕТІП ОТЫР

69
0
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов 2021 – 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында мемлекеттен қайтарымсыз грант алған кәсіпорындардың жұмысымен танысты.
«Business Plas» көбік түйіршікті полистирол өндіру цехының иелері осыдан екі жыл бұрын 5 млн теңгенің грантын ұтып, қаржыға қондырғылар сатып алған. Мемлекет қолдауымен өндірісін ұлғайтқан кәсіпорын жылына 10 мың текше метр полистирол шығарып, ішкі нарыққа сатуда. Өнім көлемін арттырғысы келетін кәсіпкерлер бизнесті кеңейту үшін қосымша жер қарастыруды сұрады. Кәсіпкерлікті жан-жақты қолдауға дайын екенін жеткізген Мұрат Дүйсенбекұлы жауаптыларға цех ашу үшін «Жұлдыз» индустриалды аймағынан жер телімін бөлуді тапсырды. Оқу-әдістемелік құралдарын шығарумен айналысатын «Automations» цехының иелері де 3 млн теңгенің қайтарымсыз қаражатын алып, қажетті құрал-жабдықтарын сатып алған. Қазір дуальды оқыту бағдарламасы аясында өнімдерін жергілікті колледждерге сатуда. Кәсіпкерлер алдағы уақытта өндірісін кеңейтіп, қала мектептерін отандық әдістемелік құрылғылармен қамтуды жоспарлауда. Қала әкімі тиімді жобаларға жан-жақты қолдау көрсетіп, бизнеске қолайлы жағдай жасау бойынша нақты тапсырмалар берді.
Айта кетейік, 2023 жылы Ұлттық жоба шеңберінде бизнес-идеяларды іске асыру үшін 447 азаматқа өтеусіз негізде грант беру жоспарлануда. Ол үшін үміткерлер төмендегі әлеуметтік санаттардың бірінен болу керек. Олар — еңбекке қарсы көрсетілімдері жоқ мүгедектігі бар адамдар, қолданыстағы «кандас» мәртебесі бар адамдар, өңіраралық қоныс аударушылар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, көп балалы отбасыларға және (немесе) оның жұбайына (зайыбына) төленетін жәрдемақы алушылар, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адам (жұбайы/зайыбы), асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар.  Азаматтар, комиссия отырысында өз идеясы мен бизнес жоспарын қорғап шыққан соң, ғана грантқа қол жеткізеді.