МЕЙІРГЕРЛЕР – ЖАҢА ДӘУІРДІҢ МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨШБАСШЫЛАРЫ

Енді мейіргерлер науқастарды өз бетінше қабылдап, алдын ала диагноз қоя алады. Бұл Денсаулық сақтау министрлігінің бастамаларының бірі, оның негізгі мақсаты – дәрігерлердің жүктемесін азайту және медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыру. Осы мақсатта мейіргерлерді арнайы бағдарламалар бойынша оқыту қолға алынған.
Мейіргер ісінің дамуын жеделдету үшін халықаралық тәжірибені енгізу маңызды. Осыған орай, еліміздің түрлі өңірлерінде форумдар мен конференциялар өткізіліп келеді. Осындай маңызды жиындардың бірі – Шымкент қаласында өткен «Мейіргер ісінің дамуы: жетістіктері мен өзекті мәселелері» атты халықаралық конференция. Оған Ресей, Литва, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінен тәжірибелі мамандар шақырылып, Қазақстанның жетекші медициналық мекемелері өкілдері қатысты.
Конференция барысында мейіргерлердің кәсіби біліктілігін жетілдіру, медициналық қызмет сапасын арттыру, заманауи әдістерді енгізу мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, хирургиялық, акушериялық және жалпы тәжірибелік мейіргерлік көмектің қауіпсіздігі, мейіргер ісінің менеджменті мен заңнамалық аспектілері қарастырылды.
Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбековтің айтуынша, қалада 11 мыңнан астам мейіргер медициналық қызмет көрсетеді. Олар – тек дәрігердің көмекшісі ғана емес, емдеу-профилактикалық шаралардың да негізгі орындаушылары. Мейіргерлердің кәсіби деңгейін арттыру үшін шетелдік мамандармен тәжірибе алмасу, шеберлік сыныптары мен практикалық сабақтар ұйымдастырылуда.
Соңғы жылдары олардың жалақысы өсіп, шетелдік оқу орындарында білім алу мүмкіндіктері кеңейтілді.
Конференция аясында шетелдік профессорлар Шымкент қалалық №2 ауруханасында тәжірибелік шеберлік сабақтарын өткізіп, мейіргерлердің кәсіби дағдыларын жетілдіруге атсалысты. Аурухананың бас дәрігері Бақытжан Позилов Қазақстанда да халықаралық стандарттарға сәйкес мейіргерлердің рөлін кеңейту қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, шетелдік тәжірибеде мейіргерлер медициналық көмектің 80%-ын өз бетінше көрсетеді, ал дәрігерлер күрделі шешімдер қабылдаумен айналысады.
Осындай конференциялар медицина саласындағы орта буын мамандарының біліктілігін арттыруға және мейіргер ісінің халықаралық деңгейде дамуына серпін береді. Қалалық перинаталды орталықтың бас мейіргері Хадиша Нармановнаның пікірінше, бұл реформалар жүйелі түрде жүзеге асса, дәрігерлерге түсетін жүктеме азайып, медициналық қызмет көрсету сапасы едәуір жақсарады.