ЕҢБЕКШІ ТҰРҒЫНДАРЫ ЕЛ БІРЛІГІН ҚОЛДАЙДЫ

77
0

Бүгінгідей жаһандану дәуірінде ел ішіндегі бірлік пен ынтымақтың маңызы жоғары. Осыны жадында ұстайтын Шымкент қаласының Еңбекші ауданына қарасты Абдулабад, Базарқақпа тұрғын алаптарының тұрғындары «Ең бастысы – ел тыныштығы» деген ұстанымдарын алға тартып отыр.

Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ-нің және Еңбекші аудандық әкімдігінің ұйымдастыруымен «Мемлекеттік этносаясаттың жүзеге асырылу барысы» тақырыбында Абдулабад және Базарқақпа тұрғын алаптарында жергілікті жұртшылықпен кездесулер өткізілді. Жиын барысында «Қазіргі кезде елімізге ең қажеттісі – ел бірлігі екені белгілі. Айналамызда бүгінгідей алмағайып заманда сан түрлі ұлттар мен ұлыстардан тұратын кең-байтақ еліміздегі тыныштыққа тіксіне қарайтындар да жоқ емес. Елдің біртұтастығын әрбіріміз көздің қарашығындай қорғауымыз керек. Ол үшін барлығымыз қолданыстағы заңнамаларды орындасақ, мемлекеттік тілдің мерейін асырсақ, барша жастарымыз міндетті әскери борышын уақтылы өтесе, барлық этностар қазақ халқының маңына топтасса жетіп жатыр» дейді кездесулерде қатысқан «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Е.Байқонақов.

Жалпы қазірге дейін Абдулабад пен Базарқақпа тұрғын алаптарына қатысты қандай да бір теріс жағдайлар мен келеңсіздіктер орын алған емес. Қоңыртөбел тірлік кешіп жатқан тұрғындар ең бастысы елде тыныштық болсын дейді. Жалпы үшінші мегаполисте елдің бірлігі мен ынтымағын, қоғамдық келісімді насихаттайтын шаралар ұдайы ұйымдастырылып келеді. Газетіміздің бұған дейінгі санында дәл осы мақсатты көздейтін кездесудің Қайнарбұлақ тұрғын алабы мен саяжайында өткенін жазған болатынбыз. Игі бастама алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.