БИЫЛ АБАЙ АУДАНЫ АУЫЗСУМЕН ЖӘНЕ ЭЛЕКТР ҚУАТЫМЕН ТОЛЫҚ ҚАМТЫЛАДЫ

73
0
Биыл Шымкент қаласына қарасты Абай ауданы толықтай электр қуатымен және сапалы ауыз сумен қамтылады. Бұл жөнінде Абай ауданының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері баяндалған есептік жиында айтылды. Халықпен кездесуде қала әкімі Мұрат Әйтенов және аудан әкімдері мен барлық басқарма басшылары атқарылған жұмыстармен танысып, тұрғындардың сұрақтарына жауап берді.
Жоспарға сәйкес 257 мыңнан астам халқы бар аудан жыл соңына дейін ауызсумен, сапалы электр қуатымен толық қамтылады. Газдандыру жұмыстары келесі жылы аяқталып, тұрғындар 100 пайыз табиғи отынға қосылады. Ауданда 2023-2025 жылдары «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 7 білім ғимараты салынады. Биыл 4 мектеп Нұршуақ, Жаңатұрлан, Бозарық шағынаудандарында бой көтерсе, 2025 жылға дейін заманауи білім ошақтары Асар -2, Шымкент Сити, Достық елдімекендерінен салынады. Сондай-ақ биыл аудан аумағында шағал тас төселген, орташа жөндеуден өткен 60 көше пайдалануға беріледі.
Халық қауіпсіздігі де қашан да назарда. Биыл жоспарға енгізілген көшелер жарықтандырылып, белгіленген аумақтарға 250 бейнебақылау қондырғысы орнатылады. «Халық қатысатын бюджет» шеңберінде тұрғындардың талап-тілектері ескеріліп, 15 әмбебап балалар алаңшасы, 3 спорт алаңша салынады. 300-ге жуық тұрғын қатысқан есептік жиында коммуналдық, әлеуметтік салаларға қатысты түрлі сұрақтар қойылды. Жауаптылар халықтың барлық талап-тілектерін назарға алып, тиісті шаралар қабылданатынын жеткізді. Мұрат Дүйсенбекұлы аудан әкімі мен сала басшыларына азаматтармен дер кезінде кері байланыс жасап, бірлесе тығыз жұмыс істеуге шақырды.
Айта кету керек, өткен жылы Абай ауданың аумағындағы 34 елді мекеннің 31-і немесе 96 пайызы мемлекеттік электр жарығымен қамтылды. Ал қалған 3 елді мекен немесе 4 пайызы бүгінде жекеменшік трансформаторларды пайдаланады. Аудан аумағы бойынша 34 елді мекеннің 33-і сапалы ауыз сумен қамтылып, 97%-ды құрады.  2022 жылы 5,2 млрд теңгеге 1 жобаның (Құрсай, Арғымақ) құрылыс жұмыстары жүргізілді.  Ауданның 8 елді мекені 115,9 мың адам немесе жалпы тұрғындардың 36 пайызы орталықтандырылған кәрізбен қамтылған, қалған 26 елді мекен 207,0 мың адам немесе 64 пайызы кәрізбен қамтылмаған. Ал 2025 жылға дейін 59 пайыз орталықтандырылған кәріз жүйесімен қамтылады деп күтілуде. Сонымен қатар аудан аумағы бойынша 34 елді мекеннің 24 елді мекені (73,5%) табиғи газ жүйесімен қамтылса, қалған 10 елді мекен қатты отынды пайдалануда. 2021 жылға дейін ауданындағы 71 көше жарықтандырылған болатын. Бұл көрсеткішті арттыру мақсатында былтыр мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында аудандағы 111 көшеге жарықшам орнатылды.