БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН СПОРТ ЖӘНЕ ОЙЫН АЛАҢШАЛАРЫ РЕТКЕ КЕЛТІРІЛУДЕ

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің қатысуымен өткен көшпелі кездесу барысында қала тұрғындары өзекті мәселелердің бірі ретінде балалар мен жастарға арналған спорт және ойын алаңшаларының жетіспеушілігін көтерді. Атап айтқанда, Шымсити шағынауданындағы №20 үйдің тұрғындары бұл мәселені тікелей әкімге жеткізді. Тұрғындардың айтуынша, балалар бос уақытын тиімді өткізіп, спортпен айналысып, денсаулығын нығайта алатындай қолайлы жағдайлар жасалуы тиіс.
Қала басшысы Ғабит Сыздықбеков бұл мәселені назардан тыс қалдырмай, жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар берді. Нәтижесінде, «Абай» коммуналдық мемлекеттік мекемесі тұрғындардың өтінішіне жедел әрекет етіп, аталған аумақтағы ойын және спорт алаңшаларын ретке келтіру жұмыстарын қолға алды. Алаңшаларда ескірген құрылғылар жаңартылып, қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін элементтер алынып тасталды. Сонымен қатар, жаңа спорттық жабдықтар мен балаларға арналған ойын құрылғылары орнатылып, алаң толықтай жөндеуден өтті. Бұл шара – қала әкімдігі мен тұрғындар арасындағы тиімді кері байланыстың нақты көрінісі. Шымкент қаласының әкімдігі тұрғындар ұсынысын тыңдап, оны жүзеге асыру арқылы халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жұмыстарды жалғастыруда. Алаңшалар тек балалар үшін ғана емес, бүкіл отбасы мүшелеріне арналған демалыс орнына айналмақ. Қазіргі таңда жаңартылған ойын және спорт алаңшаларын қалалық құрылыс басқармасынан Абай ауданы әкімдігінің балансына өткізу процесі жүріп жатыр. Бұл өз кезегінде аталған нысандардың ұдайы күтімде болуын және олардың алдағы уақытта да тиімді пайдаланылуын қамтамасыз етеді. Баланста болған жағдайда, алаңшалардың жағдайы бақылауда болады, ал бұзылған немесе тозған жабдықтар уақтылы жөнделіп немесе жаңартылып отырады.
Шымкент қаласы күн сайын жаңарып, көркейіп келеді. Әкімдіктің негізгі басымдықтарының бірі – балалар мен жастарға қолайлы орта қалыптастыру. Спорт пен ойын алаңшалары – тек дене шынықтыру орындары ғана емес, сонымен қатар балалардың қоғаммен араласуына, достар табуына, тәртіпке үйренуіне ықпал ететін маңызды орта. Бұл жұмыстар – қаладағы барлық шағынаудандарға үлгі боларлық бастама. Тұрғындардың белсенділігі мен әкімдіктің ашықтығы нәтижесінде осындай оң өзгерістер орын алуда. Алдағы уақытта да Шымкенттің әрбір тұрғыны өз ойын ашық айтып, қаланың көркеюіне үлес қосуға мүмкіндік алады.