СЕЙСМИКАЛЫҚ ЖАТТЫҒУ ӨТТІ
Шымкент қаласы ТЖД қоғаммен байланыс тобының хабарлауынша, қаладағы №1 Қалалық клиникалық аурухананың базасында жалпы қалалық жаттығу шеңберінде медицина қызметкерлері мен клиниканың барлық құрылымдық бөлімшелерінің қызметкерлерінің қатысуымен сейсмикалық жаттығу өтті
Оқу-жаттығу кезінде төтенше жағдай қаупі төнген кезде медицина қызметкерлерінің әрекеттері пысықталды. Іс-шараға клиникалық аурухананың қызметкерлерінен құрылған құтқару командасы, санитарлық пост, барлау және өрт сөндіру топтары жұмылдырылды. Айта кетейік, жалпы қалалық сейсмикалық жаттығулар қалалық азаматтық қорғау жүйесінің дайындығын және өрт, жер сілкінісі және басқа да төтенше жағдайлар туындаған кезде халықтың іс-әрекетін тексеруге бағытталған. Оқу-жаттығудың барысында №1 қалалық клиникалық ауруханада қызметкерлерімен жеңіл дәрежедегі науқастарды қауіпсіз аймаққа шығару, тасымалдауға келмейтін науқастарды болуы мүмкін жер сілкінісі кезінде, терезелерден, ауыр жиһаздардан және тағы басқа да қауіпті нысан маңынан алысқа жайғастыру, алдын ала дайындалған ғимарат ішіндегі қауіпсіз орындарға жайғастыру пысықталды. Жалпы мұндай жаттығулар жыл сайын «Азаматтық қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес өткізіледі. Сейсмикалық жаттығуларға барлық азаматтық қорғау және төтенше жағдайлар қызметтері, ұйымдар, кәсіпорындар, медициналық мекемелер, оқу орындары, сондай-ақ қала тұрғындары жұмылдырылды. Айта кету керек, Шымкент қаласы сейсмикалық қауіпті аймақта орналасуына байланысты, «Азаматтық қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаментімен мемлекеттік және мемлекеттік емес мекемелерде, білім беру ұйымдарында және қаламыздың жекелеген аумақтық бірліктерінде тұрғындардың жер сілкінісі кезіндегі іс-әрекеттерін пысықтау мақсатында тоқсан сайын сейсможаттығулар тұрақты түрде өткізілуде.