БИЫЛ 297 КӨШЕГЕ ОРТАША ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛЕДІ

68
0

Бүгінде қаланың магистралды көшелері мен ішкі орам көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары 2023 жылы 236,3 шақырымды құрайтын 297 көшеге жүргізу жоспарлануда. Оның 24 көшесі – көлік ағыны жоғары әрі қоғамдық көлік қатынайтын орталық магистрал көшелер. Жол инфрақұрылымын дамыту мақсатында 2021-2025 жылдарға іс-шара жоспары бекітілген. Іс-шараға сәйкес, магистралды көшелерге, сонымен қатар елді мекендердің ішкі орам көшелеріне басымдылық берілуде.

Үшінші мегаполисте Бәйдібек би-Арғынбеков көшелерінің қиылысында 3 деңгейлі жолайрықтың құрылысы да қарқынды іске асырылуда. 15 мамыр күні халыққа қолайлы жағдай жасау мақсатында Арғынбеков көшесі ашылған болатын. Жолайрық құрылысын толық аяқтап, пайдалануға беру ағымдағы жылдың соңына жоспарланып отыр. Келесі кезекте Бәйдібек би–Арғынбеков көше қиылысының жолайрық құрылысының 2-кезегі іске асырылады. Осы ретте, Жібек жолы–Сайрам көшелерінің қиылысында, Бәйдібек би–Төлеметов көшелерінің қиылысында, А-2 автомобиль жолы мен Бәйдібек би даңғылының қиылысында жолайрық салу жоспарланған. Жоғарыда аталған жобалар іске асырылған жағдайда Ташкент, Түркістан және Алматы бағыттарына шығатын жолдар желісі құрылыс жұмыстарымен қамтылып, заманауи талаптарға сай көлік ағынын өткізу қабілеті жоғары болады. Бұдан бөлек, жол көлік қозғалысының қауіпсіздігін арттыру мақсатында 37 356,9 шақырым қала көшелерінің жол шұңқырлары жамалды. Оның ішінде Абай ауданы аумағында 9 527 шақырым, Әл-Фараби ауданында 7 726,9 шақырым, Еңбекші ауданында 9 263 шақырым, Қаратау ауданында 10 840 шақырым жол жөнделген. Сонымен қатар қала көшелеріне жалпы 400 шақырым жол таңбалары сызылады. 800 метр жасанды жол кедергілерін әлеуметтік маңызы бар мекемелердің алдына орнату жоспарлануда. Сондай-ақ жол-көлік қозғалысының қауіпсіздігін арттыру мақсатында 3500 жол белгілері орнату жоспары да бар. Аталған бағыттағы жұмыстар аяқталса, қаладағы жақсы және қанағаттанарлық жолдардың үлесі айтарлықтай артады.