ШЫМКЕНТТІК ӨНІМДЕР ШЕТЕЛ АСУДА
Оңтүстік өңірдің климаты егін егіп, бау-бақша өсіруге қолайлы. Сондықтан аймақтағы ағайын ауыл шаруашылығымен айналысып, нәсібін тауып келеді. Бүгінде аталған сала Шымкентте де жоғары қарқынмен дамып келе жатыр. Мәселен, үшінші мегаполисте қазіргі уақытта 204 га құрайтын 113 жылыжай кешені бар.
Оның ішінде аумағы 71 га құрайтын 23 өнеркәсіптік жылыжайда ауылшаруашылық өнімдері өсіріліп жатыр. Бұл жылыжайларда жылына 17 мың тоннадан астам қызанақ, қияр және басқа да көкөніс өнімдері өндіріледі. Өнімдер ішкі нарықпен қатар, көрші елдерге де экспорт жасалып жатыр. Бүгінде қала тұрғындарына жаңа піскен көкөніс жеткізіп отырған кешеннің бірі – Бозарық тұрғын алабында орналасқан «Зауре» жылыжайы. Аумағы 3 гектарлы өндірістік жылыжай кешені 2020 жылы іске қосылған еді. Жылыжай «Агроөнеркәсіптік кешен субъектісі инвестициялық салынымдар кезінде жұмсаған шығыстардың бір бөлігінің орнын толтыру бойынша субсидиялау» және тыңайтқыш құнын субсидиялау бағдарламалары бойынша мемлекеттен қолдау алғаннан кейін көкөніс өндіру ісі өркендеді. Кешен түрік ағайынның алдыңғы қатарлы технологиясымен жабдықталған. Жылына 600 тонна өнім өндіруге қауқарлы. Агрокешен 30-дан астам азаматты жұмыспен қамтып отыр. Мұнда қызанақтың органза, мэрлис және тарелино түрлері өсіріліп жатыр. Өнімдер қала нарығы мен еліміздің солтүстік өңірлеріне саудаланады. Айта кету керек, соңғы 8 айда Шымкент қаласының ауыл шаруашылығы саласы бойынша экспортталған өнім көлемі 122,1 млн АҚШ долларын құрады. Былтырғы табыс 110,7 млн. болса, биыл 11,4 млн. АҚШ долларына артты. Қайта өңделген өнім эспорты — 108,5 млн АҚШ долларын немесе жалпы экспорттың 88,9 пайызды құрайды. Өнімнің 40 пайызы Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне, 60% өзге шет мемлекеттерге экспортталған. Ұн -111,4 мың тонна, өсімдік майы — 33,2 мың тонна, кебек- 39,0 мың тонна, макарон – 2,3 мың тонна, қауын, қарбыз- 1,7 мың тонна, пияз — 422,9 тонна, қырыққабат- 170,0 тонна, қызанақ- 96,0 тонна, шұжық-37,0 тонна, ет-260 тонна, жүн-753 тоннаны құрады.