КӘРІЗ ЖҮЙЕСІМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ҮШІН 4 ЖОБА ҚҰРЫЛЫСЫ ЖҮРУДЕ

74
0
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің Қаратау ауданы тұрғындарымен кездесуінде шағынаудандарда кәріз жүйелері жүргізіліп жатқандығы айтылды. Жыл соңына дейін осы бағытта 4 жобаның құрылысы аяқталып, Тұран, Тассай, Мирас елдімекендеріне кәріз жүйелері тартылады.
Нәтижесінде 40 мыңнан аса абонент канализацияға қосылуға мүмкіндік алады. Қазір ауданның кәріз желілерімен қамту көрсеткіші 57,9 жетіп отыр. Жоспар бойынша 2025 жылы елдімекендердің 65 пайызын орталықтандырылған канализациялық жүйеге қосу жоспарлануда. Қазіргі таңда Шымкенттегі 81 шағын ауданның 24-і, 713,5 мың абонент кәріз жүйесімен қамтамасыз етілген. Қазір қалада 2 магистральды кәріз коллекторының және 9 ішкі орамдық жүйенің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Биыл жыл қорытындысымен қала аумағында 6 нысанның құрылыс жұмыстары аяқталып, нәтижесінде 60 мыңға жуық адам орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылуға мүмкіндік алады. Бұл қамту көрсеткішін 60 пайыздан 75 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Айта кету керек, жыл басында Шымкенттегі Еңбекші ауданына қарасты «Жұлдыз» тұрғын алабында 7,1 шақырымды құрайтын кәріз жүйесінің құрылысы аяқталды. Осыған орай, қала әкімі Еңбекші ауданына қарасты “Қарабастау” және “Жұлдыз” елді мекендеріне барып, инженерлік жүйелер құрылыс алаңына барып, қоғам белсенділерімен кездесті. Нәтижелі жұмыстардың арқасында “Жұлдыз” тұрғын алабындағы 27 көпқабатты тұрғын үй кәріз жүйесіне қосылуға мүмкіндік алды. Мұны жұлдыздықтар ұзақ күткен болатын. Өйткені, көпқабатты үйлерге арналған кәріз жүйесі 20 жыл бұрын апатты жағдайға түсіп, істен шыққан еді. Қазіргі жасалған жоба бойынша магистралды құбыр 1740 абонентті кәріз жүйесімен қамтып отыр. Кездесуде белсенді халық атқарылған жұмыстарға оң бағасын беріп, жаңақұрылыс аймағын табиғи газбен қамтуды сұрады. Осыған байланысты арнайы жұмыстар жүргізіліп, газ тарту мақсатында жобалау-сметалық құжат әзірленуде. Шаһар басшысы барлық іс Шымкент қаласының 2025 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму жоспарына сәйкес кезең-кезеңмен жүзеге асырылатынын айтып, түсіндірді.