БАСПАНАМЕН ҚАМТУ — БАСТЫ МӘСЕЛЕ

80
0
Шымкент мегополис болғалы еліміздегі ірі алпауыт компаниялар тарапынан қаланың тұрғын үй нарығына көптеп қызығушылық танытуда. Бұл бір жағынан қаланың сәулеттік көркін жақсартса, екінші жағынан тұрғын үйдің сапасына оңды әсер етті.
Соңғы бес жылда 3 млн. 700 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй салынды, оның 2 миллионы соңғы екі жылда берілді.
Ендігі кезекті меже- жыл сайынғы тұрғын үй көлемін 2 млн. шаршы метрге жеткізу. Бұл жөнінде Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Астанада өткен Орталық Коммуникациялар Қызметі арнайы баспасөз мәслихатында «Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы» жөнінде жасаған баяндамасында атап өтті. «Халықты қолжетімді баспанамен қамту басты міндетіміз. Биыл мемлекеттік бағдарлама шеңберінді 4 445 отбасы баспанамен қамтылады. Дегенменде, мемлекеттік бағдарламадан тыс қалып отырған әлеуметтік санаттағы азаматтарда бар. Санаттағы азаматтарды тұрғын үймен қамту мақсатында, «Қамқор» жергілікті тұрғын үй бағдарламасын қабылдадық. Бағдарламаны жүзеге асыруға 3 млрд. теңге бөлдік (150 азаматқа 20 млн. теңгеге дейін 5 пайызбен жеңілдетілген несие). Айта кету қажет, соңғы кездері тұрғын үй құрылысы сапасына байланысты әлеуметтік желілерде сыни мәселелер айтылды. Бұл мәселелерді бақылауға алып, тұрғын үйлерді аралау барысында 1 256 кемшіліктер қалпына келтірілді. Мердігерлерге 84 млн.теңге айыппұл салынып, 3 мердігер, («Гео Нұр Құрылыс» ЖШС, «ПМК 7К» ЖШС, «Build stroy» ЖШС). жосықсыздар қатарына енгізілді»-деді ол. Айта кету керек, биылғы жылы қалада 1 млн 73 мың шаршы метр тұрғын үйді қолданысқа беру жоспарлануда. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 2 млн шаршы метрге дейін жеткізу көзделіп отыр. Қаладағы тұрғын үй құрылысының барысымен танысқан Мұрат Дүйсенбекұлы жауаптыларға ең алдымен жұмыстардың сапалы, өндірістік кестеге сай орындалуын назарға алуды тапсырды. Сондай-ақ қаланың сәулеттік кескін-келбетін айқындайтын ауқымды жобалар ұсынатын инвесторлар тартуда, бизнес өкілдерімен қолайлы жағдайда әріптестік орнатуда нақты тапсырмалар жүктеді.