ЖІБЕК ҚҰРТЫ ШАРУАШЫЛЫҒЫ – ӨҢІРЛІК ЭКОНОМИКАНЫҢ ЖАҢА БАҒЫТЫ

34
0

Түркістан облысы, Келес ауданы соңғы жылдары ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталған нақты әрі жүйелі жобаларымен ерекшеленіп келеді. Бұл бағыттағы бастамалар аграрлық әлеуетті тиімді пайдалануға ғана емес, сонымен қатар жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға, өңір экономикасына инвестиция тартуға да бағытталған.

Соңғы жаңалықтардың бірі – Келес ауданында жібек құртын өсіру және жібек шикізатын өңдеу кәсіпорнының құрылуы. Бұл жоба – Қазақстандағы сирек кездесетін әрі аса бағалы ауыл шаруашылығы салаларының бірін қайта жаңғыртудың нақты көрінісі. Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев жуырда «Асвс ойл» ЖШС өкілдерін қабылдап, аталған инвестициялық жобаның жай-күйін талқылады. Бұл жоба Сарыжылға елді мекені аумағында іске асырылуда. Нақты деректерге сүйенсек, жобаның жалпы құны – 1 млрд 780 млн теңге. Жүзеге асырылатын жер көлемі – 60 гектар. Жоба іске қосылған соң – кемінде 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Серіктестік тұт ағашының көшеттерін отырғызып, жібек құртын өсіріп, кейін өнімді өңдеу арқылы жоғары сапалы жібек талшығын өндіруді көздеп отыр.

Кез келген өндірістік жобаның табысты болуы ең алдымен инфрақұрылымдық дайындыққа байланысты. Бұл бағытта «Асвс ойл» ЖШС алғашқы кезеңде үлкен жұмыстар атқарып жатыр. Нақтырағы, 60 гектар жер учаскесі заңды түрде рәсімделіп, пайдалануға берілді. Жер асты су ұңғымасы қазылып, қажетті су көздері табылды. Су шығару жұмыстары сәтті аяқталған, бұл өсімдік отырғызу мен құрғақ климат жағдайында суаруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ компания Қытай Халық Республикасындағы серіктестерімен тұт ағашының көшеттерін жеткізуге қатысты келісім-шарт жасасқан. Бұл – жоба халықаралық деңгейдегі серіктестікке ие екенін көрсетеді. Жобаның тиімділігін бағалау үшін 2024 жылдың басында Біртілек ауылдық округінде 0,5 гектар жерге сынамалық тұт ағаштары отырғызылды. Бастапқы кезеңде бұл жұмыс тәуекелді бағалауға, өсімдіктің жергілікті климатқа бейімділігін анықтауға бағытталған болатын. Бүгінде сынамалық көшеттер өніп-өсіп, алғашқы өнімін беруде. Бұл – жоба тиімділігінің, сондай-ақ агроөнеркәсіптік әлеуеттің жоғары екенінің дәлелі. Жібек өндірісі – көпқырлы сала. Тек жібек құртын өсіріп, талшық алу емес, тұт ағашының басқа да бөліктерін тиімді пайдалану – нарықта бәсекеге қабілеттілікті арттырады. Осы орайда инвесторлар келесі кезеңде тұт жапырағынан шай өндіруді жоспарлап отыр. Бұл мақсатта Қытайдан шай өндіруге арналған заманауи қондырғылар жеткізілмек. Өнім экологиялық таза, органикалық шай ретінде ішкі және сыртқы нарыққа бағытталады. Тұт шайы – денсаулыққа пайдалы өнім ретінде халық арасында үлкен сұранысқа ие, әсіресе Азия нарығында. Яғни, жібек құрты шаруашылығы мен тұт шайы өндірісі бір-бірін толықтыратын қос бағыт ретінде дамымақ.

Жібек құртын өсіру жобасы – тек аграрлық емес, агроиндустриялық жоба. Ол бірнеше бағытты қатар қамтиды  — көп жылдық ағаш шаруашылығы, малға азық болатын тұт жапырағын пайдалану мүмкіндігі, жібек құртын өсіру арқылы дайын өнім алу, шикізатты жергілікті жерде өңдеу, экспортқа бағытталған өнім түрлерін шығару. Бұл – қосылған құны жоғары, терең өңдеуге негізделген өндіріс түрі. Сонымен қатар жобаның іске асуы ауыл тұрғындарының табысын арттыруға, көші-қонды азайтуға, жұмыспен қамтуды тұрақтандыруға ықпал етпек.

Келес ауданындағы жібек шаруашылығына негізделген бұл бастама – өңірлік дамудың жаңа кезеңіне жол ашатын жоба. Бұл – ауыл шаруашылығын индустрияландыру, инвестиция тарту, жергілікті ресурстарды тиімді пайдалану және халықты жұмыспен қамту бағытындағы нақты қадам. Ең бастысы – басталған іс жүйелі түрде жалғасып, ауылдық жерлердің дамуына серпін береді. Егер бұл жоба толығымен жүзеге асса, Келес ауданы Қазақстандағы жібек шаруашылығының орталығына айналуы әбден мүмкін.