ЗАМАНАУИ ҚОСЫМША ҒИМАРАТТА 300 ОҚУШЫ БІЛІМ АЛАТЫН БОЛАДЫ

102
0
Шымкентте қала күніне орай С.Королева атындағы №45 мектеп-гимназияның қосымша корпусының ашылу салтанаты өтті. Үш жүз оқушыға арналған үш қабатты қосымша ғимараттың құрылысы былтыр басталған. Спорт залы, жаттықтырушы бөлмесі, психолог пен логопед кабинетімен қамтылған нысан заманауи құралдармен жабдықталған.
Қала күнімен тұспа-тұс келген ашылу рәсіміне Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қатысты. Айта кетейік, жазғы демалыс кезінде мұндағы мектеп жанынан балалар лагері ұйымдастырылған. Мектептен тыс уақытын тиімді пайдалану үшін лагерьге келген оқушылар бұл күні өз өнерлерін көрсетті, қылқалам туындыларын ұсынып, ән мен күйден әсерлі, әдемі көңіл-күй сыйлады. Айта кетейік, жаңа корпуста күзет бөлмесі, асханадан бөлек, информатика және АКТ, қазақ тілі мен әдебиеті, математика, тарих, география, ағылшын тілі, химия, физика, биология пәндеріне арналған кабинеттер мен STEM кабинет және дебат қозғалысына арналған кабинет бар. Мұнан бөлек физика, химия және биология зертханалары да қарастырылған. Ал мектеп-гимназияның ауласында балалар алаңы мен шағын футбол алаңы салынған. Осылайша қаламызда үш ауысымды мектептер мәселесі бірте-бірте биыл шешімін табатын болады. Айта кетейік, үшінші мегаполисте оқушылардың ең өзекті мәселелерінің бірі – орын тапшылығын шешу бойынша да қыруар іс атқарылып жатыр. Мәселен, 2023-2025 жылдар аралығында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 25 мектептің құрылысы жүргізілмек. Аталған пилоттық білім нысандары жалпы 37 700 орынға арналады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ұлттық жобаның алғашқы кезеңі биыл жүзеге асырылады. Яғни Шымкентте 2023 жылы 17 300 орынға арналған 12 мектептің, ал келесі жылы 20 400 орындық 13 мектептің құрылысы басталады. «Жайлы мектеп» аясында бой көтеретін білім нысандарының басты ерекшелігі — оның жабдықталуында. Мамандардың айтуынша, бастауыш және жоғары сыныптарға арналған бөлек блоктар, трансформер-мобильді парталар, трансформациялау мүмкіндігі бар әмбебап акт залы, балаларға арналған жеке шкафтар, оқу-зертханалық құрылғылар, ауыз су бұрқақтары орнатылып, Wi-Fi және жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылмақ. Сонымен қатар, компьютермен жабдықталған физика, химия, биология дәрісханалары мен оқу зертханалары, робототехника кабинеттері, STEM-зертханалар болады.