АЛДАҒЫ ЖЫЛЫ ЖЫЛУ ҚАЗАНДЫҚТАРЫНА ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛЕДІ

88
0
Шымкент қаласында 2024 жылы 8 жылу нысанына жаңғырту, жаңарту жұмыстары жүргізіледі. Атап айтқанда, «АДЦ-160 Гкал» қазандығына жаңарту жұмысы жүреді. «ТК-15-тен ТК-25-ке дейінгі жылу құбыры» және «ТК-4-тен ТК-5-ке дейінгі жылу құбыры», «РК-3», «К-24» және «К-54» қазандықтары, «РК-1» сорғы стансасы қайта құрылып, жылы жүйелері ағымдағы жөндеуден өтеді.
Жалпы Шымкентте жылу желілерінің ұзындығы 838,6 шақырым, олардың тозу деңгейі 37 пайызды құрайды. Сондай ақ, шаһарда 23 қазандық және 17 сорғы станциясы бар. 23 қазандықтың тозу деңгейі – 30,5 пайыз, сорғы станцияларының тозу деңгейі – 41 пайыз.
Бүгінгі күні қалада жылыту жүйелеріндегі мәселелерді шешу жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылып келеді. Биыл жылу желілерінің тозуын азайтуда 8,7 шақырымдық жылу желілері ағымдағы жөндеуден өтеді. Атап өтсек, 2025 жылы «РК-3», «К-54», «К-19», «ПМК-49» қазандықтарын қайта құру жұмыстары жүргізіледі деп жоспарланған. Бұл жұмыстар жоспар бойынша атқарылса, 2025 жылы жылы жүйелерінің тозу деңгейі 30 пайыз құрайтын болады. Айта кету керек, жуырда Шымкент қаласының жылу жүйелерін қысқы маусымға дайындау барысын пысықтау мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстармен қала әкімі Мұрат Әйтенов танысып шықты. Жалпы қала аумағында орналасқан жылу жүйесінде 17 сорғы станциясы және 23 қазандық бар.

Бүгінде соның жетісі қысқы маусымға дайын. Қалған он сорғы станциясында дайындық жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Сонымен қатар, қаладағы тозған жылу құбырларын жаңартуға да үлкен мән беріліп отыр Атап айтқанда, 2023 жылы 6 185 метр жылу құбырын ағымдағы жөндеуден өткізу жоспарланған. Мәселен алдыңғы кезекте қала бойынша «ОНС-2» сорғы станциясынан «ТК-4-ке» дейін, «ТК-4-тен» «ОНС-3» сорғы станциясына дейінгі магистралдық жылу жүйесіне қайта құру жұмыстары жүріп жатыр. Бұл сорғы станциялары мен жылу жүйелері 1980 жылдары қолданысқа берілген. Сондықтан жылу құбырларын толық ауыстыру және сорғы станцияларына қайта құру кестеге сай кезеңімен іске асуда. Жоспар бойынша қайта құру биылғы жылдың қыркүйек айына дейін аяқталуы тиіс. Құбырдың жалпы ұзындығы 4 057 метрді құрайды және жоба құны 1 938 миллион теңге, Түркістан көшесіндегі А.Байтұрсынов пен Түркістан көшелерінің қиылысындағы «ТК-24» пен «ТК-26» станциясы аралығындағы құбырларын ауыстыру жұмыстарының жалпы ұзындығы 667 метрді құрайды және жобаның құны 341 миллион теңге болып отыр. Қазір жұмыстардың 40% орындалған, аяқталу мерзімі 2023 жылдың шілде айы деп күтілуде.